×
477.17
543.26
6.01
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
477.17
543.26
6.01

Қазақстан туына қатысты даудан кейін блогер Бота Миа тағы да сынның астында қалды

Бүгін, 18:51
Қазақстан туына қатысты даудан кейін блогер Бота Миа тағы да сынның астында қалды
Видеодан алынған кадр

Қазақстандық блогер Ақбота Нұрақын (Бота Миа) бұл жолы Қырғызстанда болған марапаттау рәсімінен кейін тағы да көпшіліктің сынына ұшырады. Дауға Қазақстанның мемлекеттік туы бейнеленген жабудың аттың үстіне жабылып, кейін оның үстіне Қырғызстан туын жамылған баланың отырғызылған сәті себеп болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ТОЛЫҒЫРАҚ

Видео әлеуметтік желілерде кең тарап, көптеген қазақстандық мұны мемлекеттік рәмізге құрметсіздік ретінде бағалады. Пікір қалдырушылар блогердің әрекетін сынап, оның мұндай жағдайға жол беруін жауапсыздық деп атады.

Туындаған даудан кейін Бота Миа әлеуметтік желіде түсініктеме беріп, Қырғызстанға арнайы барудағы мақсаты екі ел арасындағы достықты нығайту және бұған дейінгі даулы мәлімдемесі үшін сөз жүзінде емес, нақты іспен кешірім сұрау болғанын айтты.

Оның сөзінше, халықаралық бәйге кезінде қазақстандық шабандозға көмектескен қырғызстандық Әлиханға ат сыйлау – ризашылықтың белгісі болған.

Алайда атқа Қазақстан туы бейнеленген жабудың жабылуы қоғамда қызу талқыға түсті. Блогер мұндай матаның сатылымда жүргенін көріп, оны атқа жабуға болады деп ойлағанын жеткізді.

Сондай-ақ ол көпшілік сынға алған тағы бір жайтқа – баланың ат үстіне отыруына да тоқталды.

– Ол кішкентай бала ғой. Сол сәтте бәріміз қуанып, "бұл сенің атың, отырып көр" дедік. Кейін өзі түсіп, жабуды шешіп алып, үйінің төріне қойды. Жаман ой болған жоқ, – деді Бота Миа.

Блогер ешқандай қорлау немесе құрметсіздік көрсету ниеті болмағанын айтып, қазақстандықтардан кешірім сұрады.

– Егер бұл әрекетім қате болса, кешірім сұраймын. Артық қыламын деп, тыртық қылған болсам, айып етпеңіздер, – деді ол.

Ал әлеуметтік желілерде блогердің түсініктемесі де жұртшылықтың наразылығын толық баса алмады.

Пікір қалдырушылардың бірі: «Масқара. Сөзім жоқ. Бүкіл қазақты масқара етіп, кешірім сұрамай-ақ қоймады ма?» деп жазған. Басқа қолданушылар да мемлекеттік туды пайдалануға қатысты заң талаптарын еске салып, мұндай әрекеттерге жол бермеу керегін айтты.

 

КОНТЕКСТ

Айта кетейік, бұл – Бота Мианың биылғы жазда үшінші рет қоғамдық сынға ұшырауы. Бұған дейін блогер Қырғызстан туралы айтқан даулы сөзі үшін көрші елдің әлеуметтік желі қолданушыларының сынына қалған еді. Кейін оңтүстіккореялық видеограф Wei оны өзінің видеоконтентін рұқсатсыз жарнама мақсатында пайдаланды деп айыптаған болатын. Енді Қазақстанның мемлекеттік туына қатысты жағдай да қоғамда қызу талқыға түсіп отыр.