Әлеуметтік желілерде Сербия астанасы Белградта қазақстандық қыздың қаза болғаны туралы ақпарат тарады. Туыстарының айтуынша, бойжеткен алтыншы қабаттан құлап көз жұмған. Алайда марқұмның отбасы бұл жағдайды қайғылы оқиға деп қана қарамай, оның артында қылмыстық әрекет болуы мүмкін деп күмән келтіріп отыр. Олар істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙ МЕН ТУЫСТАРЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Қыздың жақындары оның байланысқа шықпай қалғанын айтып, әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған. Көп ұзамай Қазақстан азаматы Амира Қанаттың қаза болғаны белгілі болды.
Туыстарының мәліметінше, бойжеткен Сербияға жұмыс істеу үшін барған. Ол хабарсыз кеткен соң, әкесі Белградқа жол тартқан. Алайда барған кезде қызының қайғылы жағдайда көз жұмғанын естіген.
Марқұмның әкесі әлеуметтік желіде жариялаған видеоүндеуінде отбасының оқиғаға нақты адамдардың қатысы болуы мүмкін деген күдігі бар екенін айтқан.
– Қазір Влад есімді жігіттің парақшасын таптым. Оның деректерін жариялаймын, қызымның суретін де саламын. Бұл жігіттің осы іске қатысы болуы мүмкін. Сонымен қатар Украинадан келген бір-екі қыздың да қатысы бар деген күдік бар. Мұнда түсініксіз жайттар көп. Мүмкін, олар қызымды ұстап отырған немесе оған қысым көрсеткен шығар. Сондықтан барлық ақпаратты жариялаймын. Көмектесе алатын адамдар болса, жан-жақты қолдау көрсетулеріңізді сұраймын, – деді ол.
Қазір отбасы Амира Қанаттың денесін Қазақстанға жеткізу үшін қаражат жинап жатыр.
ҚР СІМ НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтың қаза болғанын растады және дипломатиялық өкілдік оқиғаның мән-жайын анықтауға кіріскенін хабарлады.
– Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Сербияда қаза болған азаматымыздың туған-туыстары мен жақындарына шын көңілден көңіл айтады. Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құзырлы органдармен бірлесіп, болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтап жатыр. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста болып, оларға жан-жақты консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Мәселе министрліктің бақылауында, – деп мәлімдеді ведомство.
Қазіргі уақытта Сербияның құқық қорғау органдары оқиғаның нақты мән-жайын анықтау және марқұмның туыстары айтқан нұсқаларды тексеру үшін тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.