100 жылқыға қатысты даудан кейін сотталып, кейін рақымшылыққа іліккен ақтөбелік жылқышы Рахат Сәрсеновке кәсіпкер пәтер сыйлады. Оған жаңа баспананың кілті табысталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Рахат Сәрсенов бірнеше жыл бойы Мұғалжар ауданындағы «Тайбурыл» шаруа қожалығында жылқышы болып жұмыс істеген. Оның аты 2019-2024 жылдар аралығында жоғалған жылқыларға қатысты екі сот ісінде аталған.
Мән-жай
Сот материалдарына сәйкес, 2018 жылы шаруашылықта 60 бас жылқы жоғалып, шығын 10 млн теңге деп көрсетілген. Кейін шаруа қожалығының иесі Тәжіғали Елеуов пен Рахат Сәрсенов арасында шығынды өтеу туралы келісім жасалған.
Осы келісім бойынша жылқышының Мұғалжар ауданындағы Сағашилі ауылында орналасқан үйі кепілге қойылған.
Биыл сәуірде азаматтық іс бойынша сот Тәжіғали Елеуовтің пайдасына 10 млн теңге өндіру туралы шешім шығарды, яғни Рахат Сәрсеновтің жалғыз баспанасы әлі күнге дейін кепілде тұр. Оны босату үшін 10 млн теңге төлеуі қажет.
Қылмыстық іс
Бұдан бөлек, Рахат Сәрсеновке 2019-2024 жылдар аралығында 39 бас жылқыны жымқырды деген айып тағылған.
Мұғалжар аудандық соты оны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған. Сонымен қатар одан шаруа қожалығының иесінің пайдасына 30 млн теңге өндірілген.
Алайда Сәрсенов өзіне тағылған айыпты толық мойындамаған. Ол жылқылардың жоғалғанын білмейтінін және малды түгендеу жұмыстарына өзі қатыспағанын айтқан.
Жазасы жеңілдетілді
30 шілдеде Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі апелляциялық тәртіпте қарады.
Апелляциялық сот оның әрекетін Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағынан 189-бабының 1-бөлігіне қайта саралады. Нәтижесінде 7 жылдық бас бостандығынан айыру жазасы 6 айға бас бостандығын шектеуге өзгертілді.
Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес оның жазасы тағы 3 айға қысқартылды.
Пәтер сыйға берілді
Сот процесінен кейін Рахат Сәрсеновтің жағдайы қоғам назарында болған. Оның ауылдағы жалғыз үйі 10 млн теңге қарыздың кепілінде тұрғаны белгілі болды. Осыны ескерген ақтөбелік кәсіпкер жылқышыға пәтер сыйлауға шешім қабылдаған.
Кеше Рахат Сәрсеновке жаңа баспананың кілті табысталды. Оған пәтерді VD Stroy-Engineering және Baisanat компаниялары сыйға тартты.
– Рахат Сәрсеновтің тағдыры көпшіліктің жүрегіне әсер етті. Қиын жағдайға тап болған адамның жанайқайына бейжай қарау мүмкін емес еді. Әсіресе, Рахат ағаның инсульт алғанын естігенде, марқұм әкем есіме түсті. Сол сәтте бұл жағдайға сырттай қарап отыра алмайтынымды түсіндім. Сондықтан біз сөзбен емес, іспен қолдау көрсетуді жөн көрдік. VD Stroy-Engineering және Baisanat компаниялары бірлесіп, Рахат ағаға пәтер сыйлау туралы шешім қабылдады. Өмірдің бейнетін жеткілікті көрген ағамыз, енді тек зейнетін көріп, шаңырағында береке мен бақыт кетпесін. Алпысқа жасқа толғанын ескеріп, ағамыздың иығына шапан да жаптық. Біз бұл істі жариялау үшін емес, адамға қолдау көрсету үшін бардық. Өзгенің қайғысына бейжай қарамай, қол ұшын соза білсек, бір ғана игі іс бір адамның ғана емес, тұтас бір отбасының тағдырын өзгертуі мүмкін. Барша халықтың атынан Рахат ағаны жаңа баспанасымен құттықтадық. Жаңа шаңырағында құт-береке, шаттық кетпесін деп тіледік, – деді кәсіпкер Азамат Усимбеков.