Қазақстанның көлік полициясы Ресейде жасалған жалған мемлекеттік нөмірлерді заңсыз таратумен айналысқан қылмыстық схеманы әшкереледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жалған нөмір жасайтын жасырын өндіріс
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, Алматыда қылмыстық схеманы ұйымдастырған адам ұсталды. Ол жалған мемлекеттік нөмірлерді жаппай өндіру және тарату жүйесін жолға қойған.
Жалған нөмірлер Ресейде жасалып, жедел жеткізу қызметі арқылы Қазақстанға әкелінген. Кейін олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі тапсырыс берушілерге жіберіліп отырған. Ұсталған азаматтан жалған мемлекеттік нөмірлер мен басқа да заттай дәлелдер тәркіленді.
Басқа да күдіктілер іздестіріліп жатыр
Көлік полициясы күдікті бұл іске жалғыз қатыспаған деп есептейді. Қазір құқық қорғау органдары заңсыз схеманың басқа да қатысушыларын іздестіріп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты әзірше басқа мәліметтер жарияланбайды.
– Жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану – қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын әрекет. Мұндай құқық бұзушылықтар жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіреді, – деп еске салды Бас көлік прокуратурасы.