×
$
469.93
541.64
5.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
469.93
541.64
5.71

2 сағатта 100 сұрақ: Қазақстан азаматтығын алу үшін тест қалай өтеді?

Бүгін, 17:59
2 сағатта 100 сұрақ: Қазақстан азаматтығын алу үшін тест қалай өтеді?
Ulysmedia.kz коллажы

10 тамыздан бастап Қазақстан азаматтығын алуға үміткерлер міндетті тестілеуге өтініш бере алады. Өтініш қабылдау 20 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Емтихан 22 тамызда өтеді.

Мән-жайы

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, тіркелу app.testcenter.kz сайты немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі.

Тестілеуге қатысу құны - 14 693 теңге.

Тестте қандай тапсырмалар болады?

Емтихан үш бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлім - қазақ тілі. Мұнда 30 тапсырма беріледі, кемінде 15 балл жинау керек.

Екінші бөлім Қазақстан Конституциясының негіздеріне арналған. Бұл бөлімде 40 тапсырма бар, өту үшін кемінде 20 балл қажет.

Бұл тапсырмаларды қазақ немесе орыс тілінде орындауға болады.

Үшінші бөлім - Қазақстан тарихы. Мұнда да қазақ немесе орыс тілін таңдауға болады.

Барлығы 30 тапсырма беріледі, кемінде 15 балл жинау қажет.

Емтиханнан ең көбі 100 балл алуға болады.

Тестілеуден өту үшін жалпы ұпай 50-ден төмен болмауы керек.

Емтихан қанша уақытқа созылады?

Барлық тапсырманы орындауға 2 сағат 10 минут беріледі.

Мүгедектігі бар адамдарға қосымша тағы 30 минут қарастырылады.

Ұлттық тестілеу орталығының сайтында ақылы сынақ тестінен де өтуге болады.

Оның құны - 3 355 теңге.