×
$
466.08
538.56
5.65
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
466.08
538.56
5.65

Кәріз құдығында алты жұмысшының қаза болуына қатысты мәслихат депутаты ұсталды

Бүгін, 17:40
Кәріз құдығында алты жұмысшының қаза болуына қатысты мәслихат депутаты ұсталды
instagram.com/terentev3186

Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, Aqtogai Milk ЖШС иесі Александр Терентьев кәсіпорында алты жұмысшының қаза болуына қатысты іс бойынша ұсталды. Тергеу аясында барлығы үш күдікті ұсталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Мән-жай

Қайғылы оқиға 20 шілдеде Ақтоғай ауданының Жоламан ауылында болған. Жұмысшылар сүт фермасының аумағындағы кәріз құдығында жұмыс жүргізген. Алдын ала мәлімет бойынша, олар электр сорғысының ақауын жөндеген. Алты адам қаза тапты. Тағы бір жұмысшы аман қалып, көмірқышқыл газынан уланып, ауруханаға жеткізілді.

Павлодар облысы полиция департаменті Ulysmedia.kz-ке бизнесмен әрі депутат Александр Терентьевті қосқанда, үш күдіктінің ұсталғанын растады. Олардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалған.

– Қылмыстық іс аясында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органдары тергеуге қатысты басқа мәліметтерді әзірге жариялаған жоқ.

Контекст

Бұған дейін хабарланғандай, қаза тапқандардың үшеуі бір отбасының мүшелері – 51 жастағы әке және оның 17 және 20 жастағы ұлдары.

Оқиғадан кейін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов тергеу жүргізіп, кінәлілерді анықтауды тапсырған.

Александр Терентьев бұған дейін қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеген. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыс беруші марқұмдардың отбасыларына арнайы материалдық көмек пен жыл соңына дейін жалақы төлеуге, сондай-ақ несиелерін өтеуге жәрдемдесуге уәде берген.