Ақтаудағы мектеп мұғалімдері 9 ақпан күні сағат 00:00-де мектеп директоры корпоративтік чатқа дауыстық хабарлама жіберіп, Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бір күндік табысын аудару қажеттігін айтқанын жеткізді. Біраз уақыттан соң мектеп басшысы бұл шешіммен барлығы келіскенін түсіндірген, алайда мұғалімдер өз пікірлерін айтып үлгергермегенін алға тартады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
№16 орта мектеп директоры Айман Нұрабаева мұғалімдерді көмекке ешкім мәжбүрлемейтінін айтады.
"Бұған дейін Арыс қаласында жапа шеккендерге көмек жинағанбыз. Мен Түркиядағы зардап шеккендерге де көмектесуді ұсындым. Бөтен ойым болған жоқ. Тек көмек қолын созғым келді және бұл ойымды барлық мұғалімдер қолдайды деп ойладым. Әрқайсысы Kaspi банкі арқылы аудара алады. Таңертең жиналыс өткізіп, онда мен әркім өзінің көмектескісі келетін-келмейтінін шешуге құқылы екенін тағы бір түсіндірдім", - деп түсіндіреді Айман Нұрабаева.
Мектеп директорының айтуынша, мұғалімдердің орташа жалақысы 200 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ ол өзінің көмектесу туралы бастамасы жанжалға ұласады деп ойламағанын да қосып үлгерді.
"Мектеп директоры Түркия халқына көмектесу үшін бастама көтерді. Мен оның билігін асыра пайдалануын көрмей тұрмын. Бәлкім, оны дұрыс түсінбеген шығар, сондықтан осындай дау туындап отырды", - деп түсіндірді Ақтау қаласы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева.
Еске салайық, өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке білім беру ұйымдарында заңсыз ақша жинау туралы 40-тан астам өтініш түскен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің орынбасары Нұрсұлтан Бекінов білім беру ұйымдарында түрлі себептермен бопсалау тоқтамайтынын айтты. Ол заңсыз ақша жинау фактілері анықталса, кінәлілерге қылмыстық жауапкершілікке дейін барынша қатаң шаралар қолданылатынын баса айтты.
Айта кетейік, Түркияның Хатай провинциясында қатты жер сілкінісі болды. Ол жерде үш Қазақстан азаматы жоғалды. Сабина есімді қыз тірі табылды. Ал Әділ Қадырбеков пен Мейірболат Құрмашев қаза тапты.
Соңғы мәліметтер бойынша Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 18 мыңнан асты.
Бұған дейін 17 674 адам қаза тауып, 72 879 адам жараланған деп хабарланған болатын. Сонымен қатар, көршілес Сирияда кем дегенде 3 377 адам қайтыс болды.