×
$
465.08
536.52
5.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
465.08
536.52
5.56

Жарық қайта қосылып жатыр: Энергетика министрлігі жағдайды түсіндірді

Бүгін, 18:00
Жарық қайта қосылып жатыр: Энергетика министрлігі жағдайды түсіндірді
Pixabay.com

Энергетика министрлігінің мәліметінше, ұлттық оператор KEGOC желісі арқылы электр энергиясын беру толық көлемде қалпына келтірілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Мән-жай

Алматыда, Алматы облысының 10 ауданында, сондай-ақ Шымкент, Талдықорған қалаларындағы және Қарағанды, Абай, Ұлытау облыстарындағы кейбір тұтынушылар жарықсыз қалды.

Электр қуатының үзілуіне байланысты Алматы мен басқа да қалаларда бағдаршамдар жұмыс істемей, жолдарда ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Кей аудандарда сорғы станцияларының тоқтауынан су қысымы төмендеді.

Жалпы өшірілген жүктеме көлемі 2810 МВт болды. Ақау көршілес Қырғызстан мен Тәжікстанның энергетикалық жүйелеріне де әсер етті.

Жарық кезең-кезеңімен қосылады

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, KEGOC-тың магистральдық желісі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қазір өңірлік энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қалған тұтынушыларды желіге қосып жатыр.

Ведомствоның мәліметінше, жекелеген тұрғын алаптары мен нысандарға электр энергиясын беру кезең-кезеңімен қалпына келтіріліп жатыр.

Министрлік әлеуметтік желілердегі кейбір пабликтерде тараған Өзбекстандағы электрмен жабдықтау мәселелері Қазақстанның энергетикалық жүйесіндегі апаттан болды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

– Жағдай Энергетика министрлігінің бақылауында, – деп хабарлады ведомство.

Орталық Азияның басқа елдерінде де жарық өшті

Бұған дейін Орталық Азияның өзге елдерінде де электр энергиясына қатысты мәселелер бір уақытта дерлік тіркеле бастағаны хабарланған еді.

Бішкектің әртүрлі аудандарында тұрғындар кернеудің секіріп, жарықтың өшкенін айтқан. Душанбе мен Тәжікстанның басқа да аймақтарында электрмен жабдықтауда іркілістер байқалды.

Өзбекстанның Сурхандария облысы мен бірқатар өзге өңірлерінде де электр энергиясына қатысты мәселелер тіркелген.