×
$
465.08
536.52
5.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
465.08
536.52
5.56

Мәсімов Америкада жүр ме? ІІМ экс-шенеуніктің қайда екенін айтты

Бүгін, 17:10
Мәсімов Америкада жүр ме? ІІМ экс-шенеуніктің қайда екенін айтты
Ulysmedia коллажы

Мемлекетке опасыздық жасағаны және басқа да бірқатар қылмыс үшін 18 жылға қатаң режимдегі колонияға сотталған Кәрім Мәсімовтің шын мәнінде АҚШ-та отбасымен бірге еркін әрі алаңсыз өмір сүріп жатқаны туралы әлеуметтік желілерде ақпарат тарады. Осыған байланысты Ulysmedia.kz ҚР ІІМ-нен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, екі мәрте премьер-министр болған Мәсімовтің жазасын өтеп жатқанын немесе иммигрант ретінде шетелде өмір сүріп жүргенін растайтын дәлел сұрады.

Мәсімов Хьюстонда ма?

Тамыз айының басында қазақстандық суретші Қанат Ибрагимов АҚШ-тағы қазақ диаспорасы өкілдерінен алған мәліметке сүйеніп, бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Кәрім Мәсімов отбасымен бірге Техас штатындағы Хьюстон қаласында тұрып жатқанын айтты.

Айта кетейік, Мәсімовтің АҚШ-пен байланысы бұрыннан бар. Оның есімі атышулы Эпштейн ісіне қатысты бірнеше рет аталған. Журналистік зерттеулер барысында Кәрім Мәсімовтің туыстарынан АҚШ-тағы элиталық жылжымайтын мүлік те табылған. Сондықтан оның өзі болмаса да, туыстары Қазақстаннан АҚШ-қа, соның ішінде сол Хьюстонға қоныс аударуы әбден мүмкін.

Ал Мәсімовтің өзі ше? Арнайы режимдегі мемлекеттік сатқындарға арналған түрмелерде демалыс берілетін шығар? Немесе бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер емделу үшін мұхит асып ұшып кете ала ма?

ҚАЖК-ның сөзіне ғана сенуге тура келе ме

Жалпы, Кәрім Мәсімовтің нақты «мекенжайына» қатысты барлық күмәнді сейілту үшін редакция ІІМ-ге ресми сауал жолдады. Оның ішінде Мәсімовтің АҚШ-қа тергеу амалдарына немесе басқа да мақсатпен жеткізілген-жеткізілмегенін сұрадық.

Сондай-ақ Кәрім Мәсімов пен бұрын жоғары лауазым атқарған басқа да сотталғандардың шынымен колонияларда жазасын өтеп жатқанын растайтын дәлелдерді ұсынуды өтіндік. Өйткені әлеуметтік желілерде олардың кейбірі жазасын колонияда емес, курорттарда өтеп жүр деген ақпараттар да тараған. Солардың бірі – Қуандық Бишімбаев.

ІІМ бізге жазасын өтеуге тиіс адамдардың барлығы тиісті мекемелерде отырғанын мәлімдеді.

– Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде белгіленген тәртіптің сақталуын және қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тұрақты бақылауға мүмкіндік беретін тәулік бойы бейнебақылау жұмыс істейді. Сонымен қатар бұл мекемелерге уәкілетті қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен прокуратура органдары тұрақты түрде барып тұрады, – деді ҚР ІІМ ҚАЖК төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рысбаев.

Алайда ІІМ олардың колония режимін бұзбай отырғанын дәлелдейтін нақты материалдарды ұсынудан бас тартты. Ведомство бұған ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңының 15-бабын және Қылмыстық-атқару кодексінің 93-бабын негіз еткен. Бұл нормаларға сәйкес, сотталғандардың жеке істеріндегі мәліметтер құпия болып есептеледі және жария етілмейді.

«Дәлелді» кім ұсынуы керек?

Айта кетейік, сотталғандардың жеке істеріндегі есептік жазбалар жария етілмейтіні және мұндай деректер кәсіби міндеттеріне байланысты оған қол жеткізуі қажет адамдарға ғана берілетіні туралы 93-бап Қылмыстық-атқару кодексіне 2019 жылы енгізілген.

Алайда ҚАЖК журналистерге қазақстандық сотталғандардың нақты қай жерде жазасын өтеп жатқанын хабарлауды сәл кейінірек тоқтатты. Бұл бұрын ықпалды әрі танымал адамдардың көптеп сотталуына және олардың нақты қайда отырғанына деген қоғамдық қызығушылықтың артуына байланысты болуы мүмкін.

Енді ІІМ де сотталғандардың қайда екені туралы жалған ақпарат таратқан журналистер, блогерлер, Қазақстан азаматтары, тіпті бұрынғы азаматтар да қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертіп отыр.

Ашығын айтқанда, суретші Қанат Ибрагимов те Мәсімовтің АҚШ-та екенін растайтын ешқандай дәлел ұсынған жоқ. Оның үстіне, ол бұл ақпаратты үшінші тараптан алғанын атап өтті.

Бұл әлеуметтік желілерде Мәсімовтің әлдеқашан босатылған болуы мүмкін деген күдік бірінші рет туындап отырған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, ҚАЖК үшін бұл ақпаратты жоққа шығаратын, мысалы, колониядағы бейнебақылау камерасынан алынған, кескіннің өзі анық көрінбесе де, даусыз дәлел болатын скриншот ұсыну қисынды қадам болар еді.

Әсіресе Нияз Рысбаевтың айтуынша, камералар тәулік бойы бейнежазба жүргізіп отыр.

Алайда Қазақстан қоғамында мәселе бұдан әлдеқайда күрделі. Заңнамаға сәйкес, сотталған адамның қайда екенін оның ісіне тікелей қатысы бар адамдар ғана біле алады.

Мәселен, 2024 жылы қазақстандықтар әйелін өлтіргені үшін 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаевтың шын мәнінде бостандықта жүргенін айтқан кезде, оның қай колонияда жазасын өтеп жатқаны туралы ресми ақпаратты атышулы іс бойынша жәбірленушілердің адвокаты Жанна Оразбақова берген еді.

Мәсімовке қатысты мұндай мүмкіндік жоқ. Оның ісін сот жабық режимде қарады, ал оған тағылған айыптар мемлекет тарапынан қойылған.

Бұл – қазақстандықтар Мәсімовтің қазіргі нақты қайда екенін тек оның туыстарынан ғана біле алады деген сөз. Ал егер мемлекет бұл ақпаратты жариялауды қажет деп тапса, онда ресми мәліметті мемлекеттік органдардан алуға болады.

Ал әзірше мұндай ақпарат жоқ. Сондықтан бізге ҚАЖК-ның бейтараптығына және тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау камераларына сенуден басқа амал қалмай отыр. Қоғам болса, бұл камералардың жұмысын ҰҚК, прокуратура және басқа да бақылаушы органдар бір сәтке де назардан тыс қалдырмайды деп үміттенеді.