×
$
464.02
536.18
5.54
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
464.02
536.18
5.54

Индонезиядағы жер сілкінісінен 40-қа жуық адам қаза тапты

Бүгін, 16:15
Индонезиядағы жер сілкінісінен 40-қа жуық адам қаза тапты
Reuters

Индонезияның шығыс жағалауында магнитудасы 7,7 болатын қуатты жер сілкінісі болды. Кейінгі дерек бойынша, 38 адам қаза тапқан, тағы бірнеше адам жарақат алды. Құтқарушылар жер сілкінісінің ошағына жақын орналасқан аудандарға жетуге тырысып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Жер сілкінісі 15 тамызда таңертең болған. Одан кейін бірнеше ауданда биіктігі бір метрге жетпейтін цунами толқындары тіркелді.

Шамамен үш сағаттан кейін цунами қаупі туралы ескерту алып тасталды.

Табиғи апаттармен күрес жөніндегі ұлттық агенттіктің мәліметінше, екі мыңға жуық адам үйлерін тастап, қауіпсіз жерге көшкен.

Үйінді астында қалғандар бар

Флорес аралындағы Маумере портты қаласы қатты зардап шекті. Құтқарушылар қаза тапқандар мен жараланғандар бар екенін, сондай-ақ, кей адамдардың ғимараттардың үйіндісі астында қалғанын хабарлады.

Басқа аудандардағы жағдай әзірге толық анықталған жоқ. Кей жолдарды көшкін жауып қалған, ал кей жерлерде байланыс үзілген.

Ең күрделі жағдайлардың бірі жер сілкінісінің ошағына ең жақын орналасқан Нагекео ауданында қалыптасқан. Ол жаққа апаратын автожолдар көшкін салдарынан жабылып қалған.

Құтқарушылар тобының бірі ауданға су жолымен жетуге тырысып жатыр.

Билік мәліметінше, шамамен екі мың жергілікті тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Тұрғын үйлер, қоймалар мен мемлекеттік ғимараттар зақымданған. Кей жерлерде электр жарығы өшкен.

Бұл аймақта бұған дейін де күшті жер сілкінісі болған

1992 жылы Индонезияның осы бөлігінде магнитудасы 7,5 болатын жер сілкінісі болып, ауқымды қирауға әкелген.

Индонезия Тынық мұхитының «Отты белдеуі» деп аталатын, әлемдегі сейсмикалық белсенділігі ең жоғары аймақтардың бірінде орналасқан.

Сондықтан бұл елде күшті жер сілкіністері мен жанартау атқылауы жиі болып тұрады.