×
$
462.22
536.5
5.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
462.22
536.5
5.43

Ғалым Қалиақбаровтың Астанадан кейін Алматыдағы концерті де тоқтатылды

Бүгін, 14:55
Ғалым Қалиақбаровтың Астанадан кейін Алматыдағы концерті де тоқтатылды
instagram

Стендап-комик Ғалым Қалиақбаровтың Алматыдағы концерті өтетін күнге бір күн қалғанда тоқтатылды. Бұл оның бір күн бұрын Астанадағы өнер көрсетуі әкімдік пен полиция қызметкерлерінің араласуынан кейін үзілгеннен соң болып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Концерттің тоқтатылғанын Central Standup Almaty хабарлады. Алайда оның нақты себебі түсіндірілген жоқ.

– Іс-шара ұйымдастырушыға байланысты емес себептерге байланысты тоқтатылды. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз, – делінген хабарламада.

Қалиақбаров Алматыда 21 тамызда өнер көрсетуі керек болған.

Астанада не болды?

Бір күн бұрын, 19 тамызда, комиктің Астанадағы Carlin мекемесінде өтіп жатқан концерті тоқтатылды. Әлеуметтік желіде жарияланған видеода бір ер адам іс-шараның заңсыз өтіп жатқанын айтқан. Қалиақбаров пен көрермендер нақты қандай талап бұзылғанын сұраған.

Кейін залға полиция қызметкері келіп, комиктің өнер көрсету кезінде бейәдеп сөздер қолданғанын мәлімдеді. Көрермендер бұған қарсылық білдіріп, дәлел көрсетуді талап етті.

Кейін Есіл ауданы әкімдігінің өкілдері Ulysmedia.kz редакциясына ұйымдастырушылар іс-шара өтетіні туралы жергілікті атқарушы органдарға міндетті 10 күн бұрын хабарламағанын, сондықтан концерттің ресми түрде келісілмегенін айтты.

Әкімдік мәліметінше, оның қызметкерлері заң талаптарын түсіндіру үшін оқиға орнына барған. Алайда ұйымдастырушылар оларды мекемеге кіргізбеген.

Осыдан кейін ұйымдастырушылар Есіл аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Олармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, заң талаптары түсіндірілгеннен кейін босатылған.