Шымкентте дендросаябақтағы фудтрак маңында жасөспірімдер арасында болған жанжалға байланысты полиция тексеру жүргізіп жатыр. Жасөспірімдердің бірі пышақ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Оқиға туралы әлеуметтік желілерде ақпарат тараған. Жазба авторының айтуынша, 17 тамыз күні кешке фудтрак кассасының маңында кәмелетке толмағандар арасында жанжал шыққан.
Шымкент полиция департаментінің мәліметінше, дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
– Оқиғаға қатысушылар анықталды. Жарақат алған жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайы, соның ішінде жанжалдың себептері анықталып жатыр, – деп хабарлады полиция.
Ата-аналар да жауапқа тартылуы мүмкін
Полиция кәмелетке толмағандардың бұл жағдайға қалай тап болғанын және оған кім жауапты екенін анықтап жатыр. Сонымен қатар жасөспірімдердің ата-аналарын немесе өзге де заңды өкілдерін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда.
Тексеру нәтижесінде жанжалға қатысушылардың барлығының әрекетіне құқықтық баға беріледі, деп толықтырды полиция.