×
480.63
535.13
5.27
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
480.63
535.13
5.27

Түркия экономикасы зілзала салдарынан қанша шығынға ұшырағаны белгілі болды

13.02.2023, 12:14
фото: ашық дереккөзден

Мамандар Түркияның оңтүстік-шығысында зілзаладан елдің ұлттық экономикасына келген шығынның болжалды көлемін анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.

Түркияда жер сілкінісінен елдің 10 провинциясы зардап шеккен. Ондағы тұрғындардың жалпы саны – 13,5 миллион адам.

Түркия кәсіпкерлік және бизнес конфедерациясының мәліметінше, экономикаға келген шығын 84 миллиард долларға жетеғабыл.

Сарапшылар шығынның нақты көлемін айтуға әлі ерте дейді. Дей тұрғанмен, алдын ала есептеулерге сүйенсек, төтенше жағдай тұрғын үйлерге шамамен 70,8 миллиард доллар шығын келтірген. Ұлттық табыстың жоғалуы тағы 10,4 миллиард долларды құрайды. Ал жұмыс күшінің жоғалуы түрік экономикасын 2,9 миллиард доллар шығынға ұшыратуы мүмкін. Жолдарды, электр желілерін, ауруханалар мен мектептерді қалпына келтіру елдің бюджет тапшылығы бойынша ЖІӨ-нің 5,4 пайызынан асуы мүмкін.

Мамандар есептеулер 1999 жылы Стамбұл маңындағы 18 мыңға жуық адамның өмірін қиған жер сілкінісіне негізделгенін айтты. Дегенмен 6 ақпандағы зілзаланың зардабы әлдеқайда ауыр. 

Айта кетейік, Түркия мен Сирияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 33 мыңнан асты.

Жер сілкінісінен бері бір апта өтсе де, үйінділер астынан әлі де адамдар аман табылып жатыр. Мәселен, кеше Түркияның оңтүстігіндегі Хатай провинциясының Антакья қаласында ғимарат құлағаннан кейін 122 сағаттан соң құтқарушылар үйінді астынан екі жасар қызды алып шықты. Сондықтан жақындарын іздестіруді тоқтатпаған жергілікті халықтың үміті сөнбек емес.

Құтқару жұмыстарына қазақстандық мамандар да белсене атсалысуда. ТЖМ мәліметінше, Қазақстан құтқарушылары бүгінге дейін 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды.

Айта кетейік, Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты 8 адам қамауға алынды. Олар – зілзала кезінде қираған ғимараттар құрылысына жауаптылар.