×
$
456.88
534.64
5.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
456.88
534.64
5.47

Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет құрамында өзгеріс бола ма? Балаева жауап берді

Бүгін, 11:05
Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет құрамында өзгеріс бола ма? Балаева жауап берді

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді. Ulysmedia.kz тілшісі одан сайлаудан кейін Үкімет құрамында өзгеріс болуы мүмкін бе деп сұрады.

«Министрлердің көбі орнында қалады»

Балаеваның айтуынша, қазіргі Үкімет құрамы кәсіби мамандардан жасақталған, сондықтан ол үлкен өзгеріс болады деп ойламайды.

– Қазір қандай да бір баға беруге асықпас едім. Қазіргі Үкімет құрамын өте кәсіби деп санаймын. Көптеген министр өз қызметінде қалады деп ойлаймын. Өйткені Мемлекет басшысының нақты тапсырмалары мен бастамалары бар, олар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Көпшілігі осы бағытты жалғастырып, жұмысын әрі қарай атқарады деп есептеймін, – деді ол.

Қазір қандай міндеттер тұр?

Өз саласына қатысты Балаева жаңа Конституция қабылданғаннан кейін заңдар мен заңға тәуелді актілерді соған сәйкестендіру қажет екенін айтты.

Басқа басымдықтардың қатарында цифрландыруды, әлеуметтік саясатты және азаматтарға тең мүмкіндік беруді атады.

Министр ақпарат саласына да жеке тоқталды. Оның айтуынша, жалған ақпараттан толық арылу мүмкін емес, алайда журналистер жариялайтын мәліметін мұқият тексеруге тиіс.

Балаева медиа саласы мен онлайн-платформаларға қатысты ауқымды түзетулер пакеті әзірленіп жатқанын айтты.

– Егер, әрине, Үкімет құрамында қалсам, медиа саласындағы, әсіресе онлайн-платформаларға қатысты заңнаманы жетілдірумен айналысамыз, – деді ол.

«Біз – бақытты халықпыз»

Балаева дауыс беру барысына да пікір білдірді. Оның айтуынша, жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан, дауыс берушілер белсенділік танытып жатыр.

– Әр азамат өзінің болашағына да, елдің болашағына да үлкен жауапкершілікпен қарайды. Біз – бақытты халықпыз, өйткені өз болашағымызды айқындауға мүмкіндігіміз бар, – деді министр.

Ол жаңа Конституция бойынша өткен референдум кезінде де осындай ахуалды байқағанын айтты.

Балаеваның сөзінше, ел үшін бірлік пен тұрақтылықты сақтау, сондай-ақ «прогрессив әрі әділетті Қазақстан» құру бағытын жалғастыру маңызды.