Ulysmedia.kz басылымына журналист Әсем Ғұмарованың Каспий теңізінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіге қатысты қойған сұрақтарынан кейін Құрылтай әкімшілігі ескерту жасады. «Hегламентті» тағы да бұзған жағдайда, журналист алты айға аккредитациядан айырылуы мүмкін.
Толығырақ
Редакцияның электронды поштасына Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Қалиянбековтен хат келген. Хатта журналист іс-шараның күн тәртібіне қатысы жоқ екі сұрақ қойып, регламентті бұзғаны айтылған. Сондай-ақ хатта талап тағы да бұзылған жағдайда тілшінің алты айға аккредитациядан айырылуы мүмкін екені көрсетілген.
– Регламентті өткізу тәртібін қайталап бұзған жағдайда, Әсем Ғұмарованың Құрылтай жанындағы тұрақты аккредитациясынан алты ай мерзімге айыру мәселесін көтеруге құқылы екенімізді ескертеміз, – делінген хабарламада.
Сөз 30 қыркүйекте Құрылтайда өткен брифинг туралы болып отыр. Іс-шара «Киберқылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасына арналды. Брифингке депутат Үнзила Шапақ пен ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов қатысты.
Ulysmedia тілшісі болған жағдайдың төтенше сипатын және қоғамдағы сұранысты ескере отырып, Каспий теңізінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіге қатысты бірнеше сұрақ қойды.
Журналист Үнзила Шапақтан Құрылтай депутаттары жинаған 146 миллион теңге қашан қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына берілетінін сұрады.
Ал ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовке Threads желісіндегі сыни жазбалардың авторларына жаппай қоңырау шалуға қатысты сұрақ қойды. Ол кезде қолданушыларға өз жазбаларын өшіруге талап қойылып, қоңырау шалушылар өздерін полиция департаменттерінің қызметкерлері ретінде таныстырған.
«Өзін-өзі цензуралау әсері»
«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Назира Дәрімбет ішкі тәртіп ережелері мен регламенттер Конституцияда және «Масс-медиа туралы» заңда бекітілген сөз бостандығы мен ақпарат алу құқығының негізгі кепілдіктерін алмастырмауы керек екенін айтты.
– Журналистерге ресми жарияланған күн тәртібінен тыс сұрақ қоюға тыйым салатын қатаң шектеулер демократиялық мемлекеттің қағидаттарына сәйкес келмейді. Парламент – жоғары өкілді орган. Оның алаңы тек заң жобаларын ресми түрде мақұлдау үшін емес, биліктің қоғам алдындағы есептілігін қамтамасыз ету үшін де қызмет етеді. БАҚ өкілдерінің Парламент қабырғасында шенеуніктер мен депутаттарға тікелей қол жеткізуі – қоғам үшін маңызды мәселелер бойынша жедел әрі тікелей жауап алудың жалғыз мүмкіндігі болуы мүмкін. Ішкі тәртіп ережелері мен регламенттер Конституцияда және «Масс-медиа туралы» заңда бекітілген сөз бостандығы мен ақпарат алу құқығының негізгі кепілдіктерін алмастырмауға тиіс. «Тақырыпқа қатысы жоқ» сұрақты қасақана жасалған бұзушылық ретінде бағалап, аккредитациядан айырумен қорқыту қауіпті прецедент қалыптастырып, өзін-өзі цензуралау әсерін туғызады. Журналист жасанды таңдау алдында қалады: не кәсіби міндетін орындап, қоғамды толғандырған өткір мәселелерді жариялап, алаңға кіру мүмкіндігінен айырылу қаупіне баруы керек, не ресми релиздерді ғана тарататын формалды ақпарат құралына айналуы керек, – деп түсіндірді ол.
Назира Дәрімбет халықаралық тәжірибеде, атап айтқанда Еуропалық Одақ елдері мен АҚШ парламенттерінде аккредитация қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етудің техникалық құралы ғана екенін, цензура тетігі ретінде қолданылмайтынын атап өтті.
Оның айтуынша, ол елдерде «күн тәртібіне қатысы жоқ» сұрақтарға тыйым салынбайды: қоғамдық күн тәртібі әрдайым ведомстволық күн тәртібінен жоғары тұрады.
Еске салайық, Құрылтай – Қазақстанның бір палаталы парламенті. Ол 2026 жылғы конституциялық реформа аясында құрылып, қос палаталы Парламент – Сенат пен Мәжілістің орнына келді.
Жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енді. Ал ел тарихындағы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы 23 тамызда өтті. Құрылтай құрамына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді.
Парламенттің жаңа жүйесімен қатар БАҚ жұмысының ережелері де өзгерді: журналистер енді кулуарларда жұмыс істей алмайды және баспасөз конференцияларында жарияланған күн тәртібіне қатысы жоқ сұрақтар қоя алмайды.
Құрылтай әкімшілігі жаңа ережелерді әзірлеу кезінде шетелдік тәжірибе ескерілгенін мәлімдеген еді.