Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тарихи күн
Мемлекет басшысы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесіне барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бюллетень алып, елдің жаңа бірпалаталы Парламентін сайлауда өз таңдауын жасады.
– Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар.
Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құрылтай сайлауы
23 тамызда Қазақстан жаңа бірпалаталы Парламенттің депутаттарын сайлап жатыр.
Дауыс берушілер тізіміне 12 605 788 адам енгізілген. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Ulysmedia.kz сайлау барысын күні бойы бақылап отыр.