×
$
457.99
534.15
5.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
457.99
534.15
5.47

KEGOC басшысы жарық жаппай өшсе де, сыйақы ала ма

Бүгін, 14:14
KEGOC басшысы жарық жаппай өшсе де, сыйақы ала ма
Ulysmedia коллажы

Журналистер «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжановтан оның миллиондаған табысы туралы сұрады. Бұл ақпарат Алматы мен еліміздің бірнеше қаласында жарықтың жаппай өшуіне себеп болған ірі апаттан бірнеше күн өткен соң жария болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коммерциялық құпия

Нәби Айтжановтың айтуынша, компания басшыларына төленетін сыйақы мөлшері «Самұрық-Қазына» қорының корпоративтік талаптарына сәйкес белгіленеді.

– Компанияның ішкі құжаттарына сәйкес, төлем көлемін директорлар кеңесі бекітеді. Ол қызмет тиімділігі көрсеткіштеріне және аудиттен өткен қаржылық есептілікпен расталған жұмыс нәтижелеріне тікелей байланысты, – деді Айтжанов.

Ол 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзі де сыйақы алғанын растады. Алайда нақты қанша сыйақы алғанын коммерциялық құпия екенін айтып, жариялаудан бас тартты.

Ресми есепке қарағанда, 2026 жылдың алғашқы алты айында KEGOC басқарма мен директорлар кеңесінің мүшелеріне жалпы 587,1 млн теңге төленген. Былтыр осы кезеңде бұл сома шамамен 590,7 млн теңге болған.

Бұл қаражаттың ішінде өткен жылдың қорытындысы бойынша төленген жылдық бонус та бар. Алайда есепке нақты қай басшының қанша ақша алғаны көрсетілмеген.

Нәби Айтжанов та бұл ақпаратты ашып айтпады. Оның сөзінше, бұл сомаға тек сыйақы емес, топ-менеджерлердің жалақысы да кіреді.

Апат сыйақыға әсер ете ме?

Брифингтен кейін Ulysmedia.kz тілшісі ұлттық электр желілері операторының басшысына тағы бір сұрақ қойды. Журналист 2026 жылдың екінші жартыжылдығы қорытындысы бойынша ауқымды апатқа байланысты оның сыйақысы азаюы мүмкін бе екенін сұрады.

14 тамызда елдің бірнеше өңірінде электр жарығы жаппай сөніп, ауқымды апат болды. Энергетиктер жарықты бірнеше сағат ішінде қайта қосқанымен, мұндай ірі апатқа не себеп болғаны және оған кімнің жауапты екені әлі де маңызды мәселе болып отыр.

– Апат KEGOC-тың кесірінен болған жоқ. Ол біздің энергетикалық жүйеге сырттан әсер ету салдарынан болды. Сондықтан директорлар кеңесі бұл мәселені қарап, сыйақы бұрынғы мөлшерде беріле ме, жоқ па – соны шешеді, – деді ол.

Айтжановтың сөзінше, KEGOC кейбір көрсеткіштер бойынша тіпті жоспардан асыра орындап отыр.

Журналистер ауқымды апаттардың өзі сыйақы есептелетін қызмет тиімділігі көрсеткіштеріне әсер етпей ме деген сауалды нақтылауға тырысты. Алайда KEGOC басшысы бұл сұраққа нақты жауап бермей, тақырыпты айналып өтті.

Контекст

Еске салайық, 14 тамызда Қазақстанның бірқатар қаласында электр жарығының жаппай өшуіне не себеп болғанын арнайы комиссия әлі де анықтап жатыр.