«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте Республика күні қарсаңында «Парасат» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ол Instagram-парақшасында жариялады. Дархан Өтенің айтуынша, мемлекеттік награданы Президент атынан Ерлан Карин табыстаған.
Ол марапатты ел игілігі жолындағы еңбегіне берілген баға әрі өзіне артылған сенім деп қабылдайтынын жеткізді.
– Бұл марапатты ел игілігі жолындағы еңбегімізге берілген жоғары баға, атқарған ісімізге артылған сенім деп білемін, – деп жазды қор басшысы.
Дархан Өте награданы жеке жетістігі ғана емес, әріптестерімен бірге атқарған жұмысының нәтижесі деп бағалаған.
– Мен үшін бұл марапаттың мәні ерекше. Өйткені ол – жеке жетістігімнің ғана емес, білім беру саласын дамыту жолында бірге еңбек етіп келе жатқан «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының барша ұжымының, әріптестерімнің және ортақ мақсатымызды қолдап жүрген ата-аналар мен түлектердің еңбегіне көрсетілген құрмет деп білемін, – деді ол.
Қор президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, марапатты табыстаған Ерлан Каринге алғыс айтқан. Сондай-ақ, білім саласындағы бастамалары үшін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға ризашылығын білдірген.
Оның сөзінше, білімді ұрпақ тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ел болашағына қызмет ету – басты мұраты.
– Ел сенімін ақтау – абыройлы міндет. Ал сол сенімге лайық болу – үздіксіз ізденіс пен табанды еңбекті талап етеді, – деп жазды Дархан Өте.
Дархан Өте еңбек жолын 2001 жылы Астанадағы «Білім-инновация» лицейінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін Семей, Өскемен және Қызылорда қалаларындағы лицейлерде директор қызметін атқарған.
2014 жылы «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті болып тағайындалған. 2015 жылдан бері қорды басқарып келеді.