×
$
450.79
524.13
5.31
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
450.79
524.13
5.31

Санжар Боқаевтың ісі сотқа жетті

Бүгін, 15:49
Санжар Боқаевтың ісі сотқа жетті
Ulysmedia коллажы

Қоғам белсендісі әрі блогер Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс Алматының қылмыстық істер жөніндегі Алмалы аудандық сотына түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Мән-жай

Істің сотқа түскенін Боқаевтың адвокаты Радмир Өтепов мәлімдеді. Қорғау тарабы алғашқы сот отырысының қашан өтетіні әзірше белгісіз екенін айтты.

– Бүгін қорғауымыздағы Боқаев Санжар Омарұлының ісі Алматының қылмыстық істер жөніндегі Алмалы аудандық сотына түсті. Алғашқы сот отырысының тағайындалған уақыты әзірше бізге белгісіз. Жаңалық болған кезде хабардар етеміз, – деді Өтепов.

Боқаевқа қандай айып тағылды

Қоғам белсендісі әрі блогер наурыз айынан бері қамауда отыр. Оның ісі бойынша тергеу әрекеттері 13 шілдеде аяқталып, содан кейін адвокаттар іс материалдарымен таныса бастаған.

Тергеу нұсқасы бойынша, Санжар Боқаевқа аса ірі көлемдегі алаяқтық, ағаштарды заңсыз кесу, құрылыс нысандарындағы ұрлық және жалған ақпарат таратуға қатысы бар деген күдік келтірілген.

Белсенді ұсталғаннан кейін интернетте Ахиддин Хамракулов есімді азаматтың видеомәлімдемесі тараған. Алғашында ол өзін ұрып-соғып, Боқаевқа қарсы жауап беруге мәжбүрлегенін айтқан. Кейін сөзінен бас тартып, бұл видеоны блогердің өтініші бойынша жазғанын мәлімдеді.

Соңғы жылдары Санжар Боқаев мемлекеттік органдардың жұмысы, бюджет қаражатының жұмсалуы, кәдеге жарату алымы және Алматыдағы даулы құрылыс мәселелері туралы видеоларымен танымал болды.

Биыл ақпанда ол АҚШ-тан видеоүндеу жасап, Америкада бизнес ашқанын, «нәтижесіз қоғамдық-саяси қызметтен» шаршағанын және Қазақстанға қайтуды жоспарламайтынын айтқан. Кейін елге оралып, наурыз айында ұсталды.

Іс сотқа жетпей тұрып-ақ белсендінің жақтастары алдағы сот процесін журналистер мен қоғам үшін жабық өткізбеуді ашық түрде сұраған.