Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путин желтоқсанда өтетін G20 елдері көшбасшыларының саммитіне қатысатын болса, Майамиге баруға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Иә, әрине. Біз баруымыз керек. Кездесіп, сөйлесіп, шешім қабылдауымыз қажет», - деді ол DW тілшісінің сұрағына жауап беріп.
Зеленскийдің айтуынша, ол үшін Путинмен кездесуде не айтылатынынан гөрі нақты нәтиже маңызды.
«Мәселе әңгімеде емес. Мен оған не айтамын немесе оның маған не айтқысы келетіні маңызды емес. Ең бастысы - нәтиже. Болды», - деді Украина президенті.
Зеленский мен Путин Ресейдің Украинаға 2022 жылғы ақпанда басталған шабуылынан бері бетпе-бет кездескен жоқ.
Кремль әзірге Путиннің Майамиде өтетін G20 саммитіне барып-бармайтынын хабарлаған жоқ.
Ресей президентінің өзі G20 саммиттеріне 2019 жылдан бері жеке қатыспаған.
Сонымен қатар, өткен айда Ресейдің қаржы министрі Антон Силуанов АҚШ тарапынан Солтүстік Каролинада өтетін G20 елдерінің кездесуіне шақырту алған. Бұл шешім Еуропадағы бірқатар шенеуніктің наразылығын тудырды.