Украина президенті Владимир Зеленский соғысты әскерлер орналасқан қазіргі шеп бойынша тоқтатуды көздейтін бейбіт келісімге дайын екенін айтты. Оның пікірінше, бұл – соғысты аяқтаудың нақты жолы. Бұл туралы ол Fox News арнасының жүргізушісі Брайан Килмидке берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Зеленский не деді
Журналист Зеленскийден соғысты қазіргі қалпында тоқтататын келісімге келісе ме деп сұрады. Мұндай жағдайда Украина өз аумағының шамамен 75%-ын сақтап қалады.
– Иә, қазір бізге соғысты тоқтатып, майдан шебін сол күйінде бекіту керек. Менің ойымша, бұл – соғысты аяқтаудың нақты жолы, – деп жауап берді Зеленский.
Fox News арнасының хабарлауынша, Зеленский соғысты қазіргі әскер шебі бойынша тоқтататын келісімге дайын екенін айтқан. Сондай-ақ ол бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін АҚШ президенті Дональд Трамп пен Еуропа елдерінен кепілдік алуға ниетті.
– Біз мұны атысты тоқтату немесе президент Трамп айтқандай, адам өлтіруді тоқтату деп атаймыз. Соғысты тоқтатып, осы шепте бекіну керек. Әрине, бұл – қазір Ресейден талап ететін ең төменгі шарт, – деді Зеленский.
Контекст
Бұған дейін Трамп Зеленскийді соғысты аяқтағысы келмейді деп айыптаған еді. Сондай-ақ ол Украинаның Ресей мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдарын сынға алды. Трамптың пікірінше, қазір Украина үшін бейбітшілік шарттары екі жыл бұрынғыға қарағанда тиімсіз.
Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы Ресей президенті Владимир Путиннің Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпинге қараша айында Украинадағы соғысты аяқтау мәселесін талқылау үшін үшжақты кездесу өткізуді ұсынғанын хабарлаған. Кездесуге Зеленскийді қатыстыру қарастырылмаған. Трамп әзірше бұл ұсынысқа келісім берген жоқ.