×
$
450.91
522.69
5.33
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
450.91
522.69
5.33

NIS тәжірибесі 193 ауыл мектебіне енгізілді

Бүгін, 10:00
NIS тәжірибесі 193 ауыл мектебіне енгізілді
nis.edu.kz

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» жүйесінің тәжірибесі еліміздің басқа мектептеріне де енгізіліп жатыр. Бүгінде NIS мектептегі білім беруді дамытуға бағытталған 58 республикалық және өңірлік жобаны жүзеге асырды, деп мәлімдеді NIS ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Оның айтуынша, NIS-тің басты міндеттерінің бірі – Зияткерлік мектептерде жинақталған тәжірибені өз жүйесінен тыс тарату.

– Кейде Назарбаев Зияткерлік мектептерін балалардың шектеулі бөлігіне ғана арналған жеке жүйе ретінде қабылдайды. Алайда NIS-тің басты міндеттерінің бірі – жинақталған тәжірибені өз мектептерімізден тыс жерлерге тарату, – деді Әнуар Жанғозин.

Осы бағыттағы ең ауқымды жобалардың бірі – ауыл мектептерін қолдау жобасы. Қазір ол 193 мектепті, 136 мыңнан астам оқушы мен 12,6 мың мұғалімді қамтиды. Сонымен қатар бұл мектептерге 700 шағын жинақты мектеп бекітілген.

Жоба аясындағы жұмыс тек педагогтерге курс өткізу немесе дайын әдістемелер ұсынумен шектелмейді. Алдымен мектептерге диагностика жасалып, кейін педагогтер оқытылады және оларға әдістемелік қолдау көрсетіледі. Соңында жүргізілген жұмыстың нақты нәтижелері бағаланады.

– Нәтижесінде тірек мектептердегі білім сапасы 12%-ға артты. Олардың 11-і Қазақстанның үздік 100 мектебінің қатарына енді. Ауыл мектептерінің 263 оқушысы республикалық және халықаралық олимпиадалар мен конкурстардың жүлдегері атанса, 82 бала NIS-ке конкурстық іріктеуден сәтті өтті, – деді басқарма төрағасы.

Маңғыстау облысында жүзеге асырылған «Отпан» жобасы 45 мектепті, 56 мыңнан астам оқушы мен 5 мың педагогті қамтыған. PISA-2025 қорытындысы бойынша өңірдің нәтижесі 2018 жылмен салыстырғанда жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтан 41,3 балға, оқу сауаттылығынан 8,4 балға өскен.

Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы жоба 52 мектепті, 1200-ден астам педагог пен 5 мың оқушыны қамтыды. Жаратылыстану пәндері бойынша білім сапасының өсімі 6,55%-ға жетті. PISA-2025 нәтижесінде өңір жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша Қазақстандағы ең жоғары көрсеткішті көрсетті.

NIS тәжірибесін таратудағы тағы бір маңызды бағыт – басқарушы кадрларды даярлау. Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында 2063 педагог NIS стандарттары бойынша білім алды. Олардың 986-сы республикалық кадр резервіне енгізілді. Қазір резервтегі 603 маман басшылық қызметке тағайындалған, оның 366-сы ауыл мектептерінде жұмыс істейді.

Әнуар Жанғозин бұл нәтижелерді тек NIS жетістігі деп бағалауға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, өзгерістерге Оқу-ағарту министрлігі, өңірлер, серіктестер, мектеп басшылары мен педагогтер бірлесіп үлес қосып отыр.

– NIS – өзімен-өзі шектелген жүйе емес. Оның елге беретін пайдасы Зияткерлік мектептер оқушыларының жетістіктерімен ғана емес, ортақ жұмысымыздың арқасында қанша қалалық және ауылдық мектептің күшейгенімен де өлшенеді, – деді ол.

Басқарма төрағасы NIS тәжірибесін одан әрі тарату жөніндегі Оқу-ағарту министрлігінің ұстанымын қолдайтынын айтып, жалпы білім беретін мектептермен, соның ішінде «Келешек мектептерімен» ынтымақтастықты кеңейту жалғасатынын жеткізді.