Атырау облысында отбасындағы қанды оқиғадан аман қалған Ақбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығынан шыққаннан кейін балаларымен қайта қауышты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазір ол туыстарының қамқорлығында болып, оңалту шараларын жалғастырып жатыр. Алайда Ақбаян жақындарының қаза болғанын әлі білмейді.
Мән-жай
Ақбаян — Атырау соты Жангелдин ауылында әйелінің төрт туысын өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы әйелі.
Қылмыс жасағаннан кейін ер адам Қазақстаннан кетіп, Индонезияда жасырынған. Кейін оны Интерполдың көмегімен ұстап, Қазақстанға экстрадициялады.
Ақбаянның туыстарының айтуынша, қазір әйелдің жағдайы жақсы. Балаларымен кездесуі емделуден кейінгі маңызды қадамдардың бірі болған. Балаларымен қарым-қатынасы оның эмоционалдық жағдайына жақсы әсер етіп жатыр.
Мұқанғалиева ауруханадан шыққаннан кейін туысының үйінде тұрып жатыр. Отбасы оның емделуі мен оңалуына жағдай жасап келеді.
Сонымен қатар Ақбаян ата-анасы, ағасы мен әпкесінің қаза болғанын әлі білмейді. Туыстары бұл хабардың оның психологиялық жағдайына ауыр әсер етуі мүмкін деп алаңдап отыр. Оған қайғылы оқиға туралы қашан және қалай айту керегін отбасы әйел толықтай оңалғаннан кейін шешпек.
Балаларымен бірге тұрғысы келеді
Қазір Ақбаянның басты тілегі — балаларымен бірге болу және болашақта олармен бір үйде тұру.
Туыстары оның уақыт өте келе толық оңалып кететініне үміттенеді. Сондай-ақ отбасы Ақбаян мен балаларына баспана алуға «Харекет» қайырымдылық қорының көмегіне сеніп отыр.
Бұған дейін Ақбаянға қатысты қылмыс туралы хабарламау ісі бойынша қылмыстық қудалау тоқтатылған еді.
Атырау облысының прокуратурасы тергеу барысында әйелдің қылмыс туралы білмегенін және бұл ақпаратты қасақана жасырмағанын анықтады.
2026 жылғы 24 маусымда Ақбаянға қатысты сотқа дейінгі тергеу қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.
14 шілдеде Атырау соты Сұлтан Сәрсемәлиевті бұрынғы әйелінің төрт туысын өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды.