Ulysmedia.kz редакциясы Атыраудағы тергеу изоляторында болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (ҚАЖК) сауал жолдады.
Оқиғаға адам өлтіруді қоса алғанда, ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен қамауда отырған бес адам қатысқаны белгілі болды.
ҚАЖК мәліметінше, олар қамауда ұстау тәртібін жеңілдетуді талап етіп, мекеме әкімшілігіне өз шарттарын орындатуға тырысқан.
Талаптары орындалмаған соң, бейнебақылау камераларының бетін жауып, өздеріне қасақана жарақат салмақ болған.
Алайда олардың денесіндегі жарақаттар жеңіл болған. Негізінен теріге түскен сызаттар анықталған.
Мекеме қызметкерлері дереу дәрігерлер шақырған. Медициналық тексеру нәтижесінде ешқайсын ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ екені белгілі болды.
Қамауда отырғандардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Оқиғаға қатысқан бес адамның бәріне тәртіптік жаза қолданылып, олар тәртіптік изоляторға қамалды.
Сонымен қатар топ болып мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ҚАЖК өкілдері қамаудағылардың қандай да бір талап қоюы заңмен белгіленген тәртіпті бұзуға негіз бола алмайтынын атап өтті.
Қазір мекемедегі жағдай тұрақты. Тергеу изоляторы қалыпты тәртіппен жұмыс істеп тұр.
Еске салайық, бұған дейін Атыраудағы тергеу изоляторында қамауда отырғандар мен мекеме әкімшілігі арасында жанжал шыққаны хабарланған еді.
БАҚ мәліметінше, қамауда ұстау жағдайына наразы болған адамдар өздеріне жарақат сала бастаған.