АҚШ-тың иммиграциялық қызметі Флоридада Қазақстан азаматын елде заңды миграциялық мәртебесі болмағаны үшін ұстаған. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі Ulysmedia.kz редакциясына хабарлады.
— Қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың мемлекеттік органдары ұстаған әйелдің отбасымен байланыста болып, қажетті консулдық көмек көрсетіп жатыр, — делінген ведомствоның жауабында.
Үш баланың анасы
Әйелдің ұсталғаны туралы алғаш рет оның құрбысы Instagram-да жазған. Оның айтуынша, ICE қызметкерлері 12 қыркүйекте Әлия есімді қазақстандықты ұстаған.
— 12 қыркүйекте үш баланың анасы болып отырған құрбымызды ICE ұстады, — деп жазды salty_sssalt қолданушысы.
Әйелдің балалары АҚШ-та үйде қалған.
Бұған дейін СІМ ақпаратты тексеріп жатқанын айтқан еді. Енді министрлік әйелдің ұсталғанын да, оның заңды миграциялық мәртебесі болмағанын да растады.
ICE қандай орган?
ICE — АҚШ-тың Иммиграция және кеден қызметі. Бұл федералдық орган елдің иммиграциялық және кеден заңдарының сақталуын қадағалайды.
Оның бөлімшелерінің бірі миграциялық талаптарды бұзған немесе елден шығарылуға жататын шетел азаматтарын іздеп, ұстайды. Кейін оларды депортациялау рәсіміне қатысады.
Контекст
Бұған дейін АҚШ-тың федералдық соты 2026 жылғы 21 қаңтардан бері қолданыста болған және Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ тағы 74 елдің азаматтарына қатысты визалық шектеуді жойғанын жазған едік.
Нью-Йорктің Оңтүстік округінің судьясы Жанетт Варгас 21 тамызда бұл саясатты заңсыз деп танып, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың өкілеттігінен асып кеткенін мәлімдеді.
Шектеу тек иммиграциялық визаларға, яғни АҚШ-қа тұрақты тұру үшін көшуге мүмкіндік беретін құжаттарға қатысты болған.
Осы тәртіп бойынша ғана қабылданған бас тарту шешімдері күшін жойып, өтініштерді қайта қарау үшін консулдық қызметкерлерге қайтару керек.