×
$
446.56
512.34
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
446.56
512.34
5.3

Баршаға тең мүмкіндік: мыңдаған астаналық UNICEF қайырымдылық жарысына қатысты

Бүгін, 16:40
Баршаға тең мүмкіндік: мыңдаған астаналық UNICEF қайырымдылық жарысына қатысты
Ulysmedia.kz

Астанадағы Ботаникалық бақта алғаш рет өткен UNICEF Charity Run қайырымдылық жарысына 2 мың адам қатысты. Олардың қатарында балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар да болды. БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) бұл бастамасы Қазақстанда инклюзив қоғам қалыптастыруды қолдауға арналды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Қатысушылар 2, 5 және 10 шақырымдық қашықты бағындырды. Жарыс жолына балалар мен ересектер, кәсіби спортшылар мен әуесқойлар, отбасылар және қоғам өкілдері шықты.

Балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қатысу тегін болды.

UNICEF Charity Run қайырымдылық жарысы аясында жиналған барлық қаражат Қазақстандағы әрбір бала үшін инклюзив орта қалыптастыруға бағытталған ЮНИСЕФ бағдарламасын қолдауға жұмсалады.

Әр шақырым – бәріне ортақ мүмкіндік

Бүгінде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 120 мыңға жуық бала тұрады.

Алайда инклюзия тек ғимараттар мен инфрақұрылымды қолжетімді етумен шектелмейді. Бұл - әр баланың білім алуына, спортпен шұғылдануына, дамуына, қатарластарымен араласуына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына мүмкіндік беру деген сөз.

MICS 2024 ұлттық зерттеуінің деректері де балаларды ерте жастан қолдаудың маңызын көрсетеді. Қазақстандағы 2 мен 4 жас аралығындағы әр төртінші бала әзірге жасына сай күтілетін даму көрсеткіштеріне жете алмай отыр.

Бұл деректер әр балаға қажет мүмкіндік пен қолдау қолжетімді болуы үшін мемлекет, қоғам, отбасы және серіктестердің бірлесе жұмыс істеуі қажет екенін аңғартады.

- Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық және балалар спортын дамытуға, сондай-ақ халық үшін спорттың қолжетімді болуына ерекше көңіл бөліп келеді. Президент тапсырмалары аясында елімізде тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау, заманауи инфрақұрылымды дамыту және балаларды спортқа кеңінен тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір Қазақстан халқының 44,5 пайызы дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысады. Алдымызда нақты міндет тұр - 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу. UNICEF Charity Run қайырымдылық жарысы мемлекет, халықаралық ұйымдар, бизнес және азаматтық қоғам күш біріктіргенде спортты баршаға қолжетімді ететін қолайлы орта қалыптастыруға болатынын көрсетті. Сондықтан бұқаралық спортты дамыту, соның ішінде балалар мен жасөспірімдерге, сондай-ақ ауыл тұрғындарына спортпен айналысуға барынша мүмкіндік жасау бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырамыз, - деді Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

- Инклюзия қарапайым қағидадан басталады: баланың мүмкіндігі оның мүгедектігінің бар-жоғына байланысты болмауға тиіс. Ортақ міндетіміз - әр бала білім алып, дамып, спортпен шұғылданып, қоғам өміріне толыққанды араласа алатын жағдай жасау. UNICEF Charity Run қайырымдылық жарысы аясында жиналған қаражат серіктестерімізбен бірге Қазақстандағы осы жұмысты жалғастыруға мүмкіндік береді, - деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар.

Астана халықаралық дәстүрге қосылды

ЮНИСЕФ-ті қолдауға арналған қайырымдылық жарыстары, марафондар және өзге де спорттық бастамалар әр жылдары Дубай, Лондон, Нью-Йорк, Сидней, Гонконг және Минск секілді әлемнің түрлі қалаларында өткен.

2026 жылы бұл халықаралық бастамаға Астана алғаш рет қосылды.

UNICEF Charity Run қайырымдылық жарысын енді елордада жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Уақыт өте келе ол спорт пен балаларды қолдау арқылы жұртты біріктіретін қалалық дәстүрге айналмақ.

Алғашқы UNICEF Charity Run қайырымдылық жарысы аясында қатысушылар үш қашықтық бойынша сынға түсті.

2 шақырымдық жарыс 7 мен 15 жас аралығындағы балаларға арналды. Ал 16 жастан асқан қатысушылар 5 немесе 10 шақырымды таңдай алды.

Балалар үшін бөлек ойын-сауық және белсенділік бағдарламасы да ұйымдастырылды.

UNICEF Charity Run қайырымдылық жарысы тек спорттық дода ғана емес, мүмкіндігі әртүрлі балалар мен ересектер бірге қатыса алатын ашық әрі инклюзив ортаға айналуды көздейді.

Әр бала үшін ат салысу

Бұл қайырымдылық жарысы Қазақстанда инклюзив орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі болды.

Кейінгі жылдары елімізде инклюзив білім беру мен ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау бағыттары біртіндеп кеңейіп келеді.

ЮНИСЕФ мемлекеттік органдармен және серіктестермен бірлесіп, мамандардың біліктілігін арттыру, заманауи көмекші технологияларды енгізу және мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуына әрі қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау бағытында жұмыс істеп келеді.

UNICEF Charity Run қайырымдылық жарысын Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Жеңіл атлетика федерациясы, Астана қаласының әкімдігі, Спортты қолдау қоры және БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырды.