×
$
451.87
€
507.31
₽
5.53
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.87
€
507.31
₽
5.53

Экс-депутат Болатбек Әлиев Серік Жұманғариннің кеңесшісі болды

Бүгін, 18:22
Экс-депутат Болатбек Әлиев Серік Жұманғариннің кеңесшісі болды

Мәжілістің бұрынғы депутаты, кәсіпкер Болатбек Әлиев қыркүйек айының соңынан бері премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің штаттан тыс кеңесшісі болып жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бұл жұмысы үшін жалақы алмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Министр бірлесіп жұмыс істеуді ұсынған

Болатбек Әлиевтің айтуынша, Серік Жұманғаринмен бұрыннан таныс. Министр оның ауыл шаруашылығы саласындағы жобалары мен Парламенттегі жұмысынан жақсы хабардар. Сонымен қатар олар халықаралық сауда мәселелерімен де бірге айналысқан.

2024 жылы Әлиев үкіметтік делегация құрамында Мәскеуге барған. Қазақстан мен Ресейдің үкіметаралық комиссиясының отырысында отандық кәсіпкерлердің жүк тасымалы мен саудаға қатысты мәселелерін көтерген. Ұлттық экономика министрі оның осы тәжірибесін ескерген.

– Серік Мақашұлы маған кеңесші болуды ұсынғанда, тәжірибемді Үкімет жұмысына пайдалануға болатынын айтты. Келісім бердім. Бұл жұмысты қоғамдық негізде атқарамын, жалақы алмаймын, – деп жазды ол.

Әлиевтің айтуынша, жалақы алмауы оған кедергі емес. Кәсіпкерлікпен айналысқан жылдары бірнеше мың адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорындар құрып, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізген. Енді, бұрынғы депутаттың пікірінше, ол қысымнан қорықпай, өз ойын ашық айта алады.

Енді Үкіметке кеңес береді

Қазір Болатбек Әлиев мемлекеттік органдардың ұсыныстарын зерделеп жүр.

– Олардың халық пен кәсіпкерлерге қалай әсер ететіні туралы пікірімді білдіріп, өз талдауымды ұсынамын. Өзім жақсы білетін салалардағы жетекші мамандармен ақылдасып, қажет болған жағдайда балама шешімдер ұсынамын, – деп түсіндірді ол.

Әлиев Қазақстан кәсіпкерлерін қорғау бағытында көрші елдердің тәжірибесін белсендірек зерделеуі керек деп санайды. Өзі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және логистика салаларында жұмыс істеген жылдары жинаған білімін пайдалануды көздейді.