Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаз Ақжол Темірәлиевтің жағдайы жақсарып келеді. Ол қазір жүріп, тамақ ішіп, сөйлесіп жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ата-анасы не айтты?
Блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау облыстық ауруханасының кіреберісінде Темірәлиевтің ата-анасымен кездескен. Олардың айтуынша, 18 жастағы сарбаз өз күшімен су бетіне шыға алған. Одан кейін ол суға батып кеткен досын жарты сағат бойы іздеген.
Ақжол Темірәлиев – құтқарылған үш сарбаздың ішінде ауруханаға жатқызуды қажет еткен жалғыз адам. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп отыр.
Каспийдегі қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілердің бір тобы теңізге батып кеткен.
Нақтылаған мәлімет бойынша, суға 17 адам түскен. Оның 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды, тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия қайғылы жағдайдың себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды.
Кейінірек Маңғыстауда қаза тапқан 12 әскери қызметшінің аты-жөні жарияланды. Қаза тапқандардың арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегері болған.