×
$
441.89
€
502.56
₽
5.19
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.89
€
502.56
₽
5.19

Алматының экс-әкімі Храпуновтар отбасына қатысты Швейцариядағы іс 15 жылдан кейін жабылды

Бүгін, 15:45
Алматының экс-әкімі Храпуновтар отбасына қатысты Швейцариядағы іс 15 жылдан кейін жабылды
ашық дереккөз

Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың отбасы Швейцарияда өздеріне қатысты қылмыстық істің жабылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Лейла Храпунова Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

2026 жылғы 23 маусымда Женева апелляциялық сотының Қылмыстық істер палатасы Алматының Женева прокуратурасының қылмыстық істі тоқтату туралы шешіміне берген шағымын қанағаттандырмады. Алматы қаласы бұл шешімге бұдан әрі шағым түсірмеген. Осылайша, шешім заңды күшіне енді.

– Біз заң алдында толық ақталдық. Қылмыстық іс түпкілікті жабылды. Соттың айыптау үкімі жоқ, белгіленген қылмыстық кінә жоқ және Швейцарияда жалғасып жатқан қылмыстық іс те жоқ, – деп жазды Лейла Храпунова.

Оның айтуынша, Женева прокуратурасы істі 2021 жылы тоқтатқан. Тергеу барысында даулы жер учаскелерін Храпуновтар жекешелендіру рәсімдерін сақтай отырып, заңды түрде сатып алғаны анықталған.

Храпунова Швейцария сотының Қазақстанда шығарылған сот үкімін дәлел ретінде қабылдаудан бас тартқанын да атап өтті.

– Қазақстан сотының үкімі дәлелдердің орнын баспайды. Айыптар сеніммен қабылданбай, тәуелсіз сот алдында дәлелденуі керек, – делінген мәлімдемеде.

2018 жылы Женева прокуратурасы Қазақстанның құқықтық көмек көрсету туралы өтінішін де қанағаттандырмаған. Бұған елдің сот жүйесі адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық талаптарға сәйкес келмейтіні себеп ретінде көрсетілген.

– 15 жыл бойы Қазақстаннан шыққан айыптар халықаралық деңгейде дәлелденген фактілер ретінде ұсынылып келді. Швейцариядағы істің қорытындысы бәрін көрсетіп отыр. Айыптар қылмыстық кінә ретінде дәлелденген жоқ, – деді Храпунова.

Храпуновтар отбасы туралы

Виктор Храпунов 1997-2004 жылдары Алматы әкімі болды. Кейін Шығыс Қазақстан облысын және Төтенше жағдайлар министрлігін басқарды.

2007 жылы ол «Алматының су қорғау аймақтарындағы жер учаскелерін заңсыз бергені үшін» қызметінен босатылды. Осыдан кейін отбасы шетелге кеткен.

2013 жылы Храпунов Францияда «Я обвиняю! О диктатуре Нурсултана Назарбаева» («Мен айыптаймын! Нұрсұлтан Назарбаевтың диктатурасы туралы») атты кітап шығарды.

2018 жылы Алматыдағы сот Виктор Храпуновты сырттай 17 жылға, ал Лейла Храпунованы 14 жылға бас бостандығынан айырды. Олар «қылмыстық топ құру» және «пара алу» бойынша кінәлі деп танылды.

2021 жылы отбасы Швейцариядан саяси баспана алған.

Контекст

Бұған дейін Лейла Храпунова отбасының Женевадағы өмірі туралы айтып берген. Экс-әкімнің жұбайы YouTube арнасын жүргізіп, Швейцария табиғатына тамсанып, Альпі тауларын Алматының табиғатымен салыстырған.

2025 жылғы тамызда Нью-Йорк соты Храпуновтардың ұлы Ильясты сотты құрметтемегені үшін үшінші рет жазалады. Федералдық судья оған Алматы қаласы мен БТА Банкіне 221 мың доллар төлеуді, сондай-ақ активтері туралы тұрақты түрде есеп беріп отыруды міндеттеді.

Нью-Йорктегі іс бұдан алты жылдан астам уақыт бұрын Мұхтар Әблязов пен оның серіктестерін АҚШ-та ақша жымқырып, заңдастырды деген айыппен қозғалған.