Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтап, ел дамуының негізі кәсібилік, жауапкершілік пен еңбекқорлық екенін атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Президент бұл мерекенің күн сайын адал еңбегімен ел болашағына үлес қосып жүрген түрлі мамандық иелеріне арналғанын айтты.
«Еңбектің жаманы жоқ»
Тоқаевтың айтуынша, бүгінгі таңда біліктілік, тәртіп пен жауапкершіліктің маңызы ерекше.
- Табанды еңбек - жетістікке жетудің көзі. Адал ниетпен атқарылған әрбір іс - қадірлі, кез келген еңбек зор құрметке лайық, — делінген құттықтауда.
Мемлекет басшысы «Еңбек - бәрін жеңбек» деген халық даналығын еске салды.
Қазақстан жаңа кезеңге қадам басты
Президент Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын және алда ауқымды міндеттер тұрғанын айтты.
Ол Конституцияда көрініс тапқан әділдік, заңға құрмет, бірлік, еңбекқорлық, өрлеу және табиғатқа ұқыпты қарау қағидаларын басты бағдар ретінде атады.
Тоқаев «Адал адам - Адал еңбек - Адал табыс» қағидасына тоқталды. Оның сөзінше, бұл ұстаным қоғамдағы маңызды құндылықтардың біріне айналды.
Жұмысшы мамандықтарына қолдау
Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына да арнайы тоқталды.
Оның айтуынша, бұл бастама жұмысшы мамандықтарының, тәлімгерлік дәстүрдің және еңбек әулеттерінің беделін арттыруға ықпал етті.
Тоқаев мемлекет азаматтардың кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасауды жалғастыратынын атап өтті. Сондай-ақ, аға буынның білімі мен тәжірибесін жастарға жеткізудің маңызына назар аударды.
Сөз соңында Президент қоғамдағы ауызбіршілік әділдік, заң үстемдігі мен еңбекқорлық қағидалары нақты жүзеге асатын ел құруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
- Құрметті отандастар, баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және еңбекте жаңа табыстар тілеймін! Отанымыз өркендей берсін! - делінген құттықтауда.