Алматыда бір отбасының шағымынан кейін полиция қарттар күтіміне арналған жеке пансионатты тексеріп жатыр. Деменцияға шалдыққан 70 жастағы ер адамның туыстары оның мекемеде небәрі бес күн болғанына қарамастан, ауыр жарақат алғанын айтады. Ал пансионат өкілдері зейнеткердің құлап қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Туыстарының айтуынша, ер адамды пансионатқа орналастырғаннан кейін ол онда бар болғаны бес күн жатқан. Осы уақыт ішінде оның дене қызуы да жоғары болған.
КТК мәліметінше, кейін отбасыға қарияның сүрініп құлағаны туралы хабарланған. Алайда ауруханада тексерілген кезде оның бет сүйектерінің бірнеше жері сынғаны және басынан жарақат алғаны анықталған.
Осыдан кейін жақындары пансионат қызметкерлерінің түсіндірмесіне күмән келтіріп, қарияны ұрып-соғуы мүмкін деген болжам айтқан.
Мекеме басшылығы оқиға болған кезде зейнеткер бөлмесінде жалғыз болғанын айтады. Кейін қызметкерлер оны еденде жатқан жерінен тапқан.
Алайда оқиғаның қалай болғанын анықтауға көмектесетін бейнежазба жоқ. Пансионат директоры Светлана Нестерова бақылау камералары 22 қазаннан бастап дұрыс жұмыс істемей қалғанын түсіндірді. Оның айтуынша, техникалық ақау салдарынан домофон мен сыртқы жарықтандыру жүйесі де істен шыққан.
«Олардың жағдайын түсінемін. Әрине, сырт көзге мұның бәрі күмәнді көрінеді. Бірақ мұндай жағдайлар да болады. Бұл – қайғылы оқиғалардың кездейсоқ тоғысуы», – деді Нестерова туыстарының күдігіне қатысты.
Отбасының шағымынан кейін оқиғаның мән-жайын Алматы полициясы тексеруге кірісті. Енді құқық қорғау органдары зейнеткердің нақты қандай жағдайда жарақат алғанын және сол күні пансионатта не болғанын анықтауы керек.