×
$
441.88
€
503.61
₽
5.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.88
€
503.61
₽
5.24

Экономист: мыс өңдеуде баға белгілеу тәсілін өзгерту керек

Бүгін, 10:39
Экономист: мыс өңдеуде баға белгілеу тәсілін өзгерту керек
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда жылына 300 мың тонна катод мысы өндіретін екі жаңа мыс балқыту зауытын салу мәселесі талқыланып жатыр. Алайда терең өңдеудің келешегімен бірге оның құны қанша болуы керек және бұл шығынды кім көтереді деген сұрақ та туындайды. Экономист Айдархан Құсайынов Қазақстан үшін шетелдегі арзан өңдеу бағасын негізгі өлшем ретінде алудың қажеті жоқ деп есептейді. Сарапшының пікірін Ulysmedia.kz келтіреді.

Айдархан Құсайынов Қытайдағы бағаға назар аударады. Онда мыс концентратын спот нарығында өңдеу құны кейде нөлге жуықтап қалады. Оның пікірінше, мұндай бағаны қазақстандық кәсіпорындар үшін бағдар етіп алу дұрыс емес.

– Концентратты өңдеген кезде негізгі металмен бірге қосымша көптеген пайдалы компонент алынады. Сондықтан кейде негізгі металл бойынша өңдеуді шартты түрде «тегін» деп көрсетуге болады, ал ілеспе компоненттердің бәрі өңдеушіде қалады. Қысқасы, бұл тегін емес. Мұндағы қағида шамамен: «маған металл, қалғаны саған» дегенге келеді.

Тағы бір мәселе – спот бағалар өте құбылмалы және нарықтағы жағдайға тікелей тәуелді.

Экономистің пікірінше, әсіресе ірі өнеркәсіптік жобалар туралы сөз болғанда, мұндай бағаларға сүйеніп ұзақ мерзімді жоспар құру тәуекелді.

Ол Еуропадағы газ нарығын, жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының теріс бағасын және мұнай нарығындағы ұқсас жағдайларды мысалға келтіреді. Оның айтуынша, қысқа мерзімді нарықтық баға дәл қазір тиімді көрінуі мүмкін, бірақ бірнеше жыл ішінде өзін ақтауы тиіс инвестициялар үшін қолайлы өлшем бола бермейді.

– Жұрттың бәрі қызығып жүрген спот бағаларға мен онша сенбеймін. Нарықпен ойнау инвестицияны жоспарлауға кедергі келтіріп, нарық қатысушыларын жаңылыстырады. Қысқа мерзімді ойлайтын және өндірістік қуаты артық тараптар мұны әлі де қолдап келеді. Бірақ стратегиялық тұрғыдан бұл – ұтылысқа әкелетін жол.

Айдархан  Құсайыновтың айтуынша, есеп жүргізген кезде логистика шығынын да ескеру қажет.

Концентрат құрамындағы бір тонна металды тасымалдау дайын металды жеткізгеннен қымбатқа түседі. Сондықтан өңдеу құнын белгілегенде бұл шығындар да есепке алынуы тиіс.

Тек өндіру және шетелге жөнелтумен шектелмеу керек

Экономистің пікірінше, негізгі міндет – Қазақстанда толыққанды отандық металлургия жүйесін қалыптастыру.

Елде металл қоры мол, сирек жер металдары саласын дамыту туралы да жиі айтылады. Алайда шикізатты тек өндірудің өзі экономика одан барынша пайда көріп отыр дегенді білдірмейді.

Айдархан Құсайынов бұл жағдайды мұнай саласымен салыстырады.

Мұнай өңдеу және газ өңдеу зауыттары ең алдымен ішкі нарыққа жұмыс істейді. Ондағы баға мемлекет тарапынан реттеледі және сыртқы нарықтағы деңгейден төмен болып қалады. Соның салдарынан мұнай компаниялары іс жүзінде ішкі тұтынуды субсидиялап отыр.

Ал металдар нарығындағы жағдай өзгеше. Концентратты да, дайын металды да әлемдік нарықта әлемдік бағамен сатуға болады.

Сондықтан мемлекет өңдеу саласына қатысты түсінікті әрі ұзақ мерзімге арналған ережелер мен тарифтер белгілеуі керек. Ал жаңа кәсіпорындарды қаржыландыруды жеке бизнес өз мойнына алғаны жөн.

– Бұл жобалардың бәрін жеке бизнес қаржыландыруы керек. Мүмкін, кен өндірушілер жоғарырақ өңдеу сатысына көтерілер, мүмкін, металл тұтынушылар upstream бағытына бір қадам төмендер, ал бәлкім, бұл салаға металлургтердің өзі кірер. Бірақ ең бастысы – өңдеуге қалыпты тариф беру. Мемлекеттік реттеудің мәні де осында. Ел энергетика саласында тарифті төмендетіп, ұстап тұрумен жеткілікті ойнады, енді соның салдарын өте қымбатқа төлеп жатыр. Бұдан сабақ алу керек, – деп түйіндеді сарапшы.

Контекст

Бұған дейін Ulysmedia.kz Қазақстан үшін мыс өндіру және оны экспорттаумен шектелмей, ел ішінде терең өңдеуді дамытудың неге маңызды екенін егжей-тегжейлі жазған еді.

Сарапшылар бұл үшін қандай өндіріс орындары қажет екенін және тек катод мысын балқытумен шектелу жеткіліксіз екенін түсіндірген.