Қазақстан 2031 жылға қарай әуеотыны өндірісін екі есе арттырып, жылына 1,5 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. 2026 жылы мұнай өңдеу зауыттары жоспардан да жоғары нәтиже көрсетіп жатыр. Жыл аяғына жоспарланған 750 мың тоннаның орнына 825 мың тонна өндіріледі деп күтіледі. Бұл былтырғыдан 13% көп, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жылдың алғашқы сегіз айында зауыттар 591 мың тонна әуеотынын өндірген. Ал 2025 жылдың бүкіл қорытындысы бойынша 726 мың тонна шығарылған.
Ел жолаушылар авиациясының, күштік құрылымдардың және мемлекеттік материалдық резервтің ішкі сұранысын отандық әуеотыны есебінен толық қамтамасыз етіп отыр.
Азаматтық авиация жыл сайын 680 мың тонна әуеотынын тұтынады.
Контекст
Өндіріс көлемі артып келе жатқанына қарамастан, Қазақстан әлі де әуеотын импортына тәуелді.
Бұған дейін Ulysmedia.kz елдің неліктен сырттан жеткізілетін әуеотынынсыз өз қажеттілігін толық өтей алмай отырғанын егжей-тегжейлі талдаған еді.
Қазақстанда әуеотынына жылдық сұраныс 1,2 млн тонна болса, отандық мұнай өңдеу зауыттары небәрі 750–760 мың тонна өндіреді. Жетіспейтін көлем Ресей мен Қытайдан сатып алынады.
Оның үстіне Ресей өз мұнай өңдеу зауыттарына жасалған соққыларға байланысты әуеотыны экспортына шектеу қойып отыр.
Сарапшылар өндірісті қысқа мерзімде күрт арттыру мүмкін емес екенін айтады. Ал мәселені ұзақ мерзімге шешудің бір жолы саналатын төртінші мұнай өңдеу зауытын салу 2009 жылдан бері талқыланып келеді.
Сондай-ақ, 2026 жылғы мамырда әуеотыны өндірісі рекорд деңгейге жеткені белгілі болды. Сол айда мұнай өңдеу зауыттары 96,4 мың тонна әуеотынын өндірген.
Бұл сәуірмен салыстырғанда 86% көп және кемінде соңғы 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болды.
Өндірістің артуына Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарының аяқталуы әсер еткен.