Алматыдағы тергеу изоляторында шешен белсендісі Мансур Мовлаев өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенгеннен кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті тексеру бастады. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті оны Ресейге бермеуге шақырған, алайда Қазақстан белсендіні 16 айдан бері қамауда ұстап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті оқиғаны растады. ҚАЖК мәліметінше, мекеме қызметкерлері қамаудағы азаматтың өзіне дене жарақатын салмақ болған әрекетінің алдын дер кезінде алған.
– Жарақаты жеңіл болды, Мовлаевқа медициналық көмек көрсетілді. Ауруханаға жатқызу қажет болған жоқ, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Оқиғаның мән-жайы әзірге жарияланған жоқ, – деп хабарлады ведомство.
Бұған дейін Мовлаев екі рет өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Соның алдында ол хат қалдырған.
— Мені кешіріңіздер, әділетсіздіктен шаршадым! Сот та, прокуратура да бізді естімейді! Олар мені қинап, азаптап, өлтіреді де, кейін өзі істеді деп айтады. Енді өзімді азаптауға жол бермеймін! 16 ай бойы Ресейге экстрадицияланады деген қорқынышпен, сонымен қатар, үмітпен өмір сүрдім... Қазір тек қорқыныш қалды, — деп жазған Мовлаев.
Белсенді өзін Қазақстанда жерлеуді сұраған. Оның айтуынша, денесінің шешен күштік құрылымдарының қолына түсуін қаламайды.
Сондай-ақ, ол сол тергеу изоляторында отырған және Ресейге берілуі мүмкін ресейлік белсенді Юлия Емельяноваға көмектесуді өтінген.
Мовлаев неге тергеу изоляторында отыр?
30 жастағы Мансур Мовлаев Шешенстан билігін сынап, оппозициялық 1ADAT қозғалысына адам ұрлау мен азаптау деректері туралы ақпаратты жасырын түрде жеткізіп отырған.
Оның өзін де күштік құрылым өкілдері екі рет ұрлап әкетіп, азаптаған.
Қашып шыққаннан кейін ол Ресейден кеткен.
2025 жылғы мамырда Мәскеудің сұрауы бойынша Алматыда ұсталды.
Ресей билігі оны бопсалаумен айыптайды. Ал Мовлаев бұл істі қолдан жасалған деп есептейді.
Қазақстан оған босқын мәртебесін беруден бас тартып, Ресейге экстрадициялауды мақұлдаған.
Кассациялық сот та баспана беру жөніндегі өтінішті қанағаттандырмау туралы шешімді күшінде қалдырды.
Сонымен бірге, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Мовлаевтың шағымы қаралып біткенше оны Ресейге бермеуді талап еткен.
БҰҰ-ның Ресейдегі адам құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы Мариана Кацарова Мовлаев Ресейге қайтарылса, азаптауға, саяси қудалауға және тіпті соттан тыс жазалауға ұшырауы мүмкін екенін ескерткен.
Контекст
Бұған дейін біз Мовлаевтың 15 қыркүйектегі алғашқы суицид әрекеті және оның қалдырған хаты туралы егжей-тегжейлі жазған едік.
Сол кезде белсендінің заңгері оны әрі қарай экстрадициялық қамауда ұстаудың мәні қалмағанын және бұл шара негізсіз сипат ала бастағанын мәлімдеген.
Еске салайық, алғашқы әрекетінен кейін Мовлаев ауруханаға жеткізілген. Ауруханада ол тағы да өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген.
Сондай-ақ, біз Шешенстанда Мовлаевтың ата-анасы ұрланғанын хабарлаған едік.
Оның анасы мен әкесін біреулер күшпен белгісіз бағытқа алып кеткен, ал бұған дейін ағасы Зелимхан азапталған.