×
$
451.05
€
504.95
₽
5.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.05
€
504.95
₽
5.6

Атыраудағы тергеу изоляторында қамауда отырғандар наразылық білдірді

Бүгін, 12:50
Атыраудағы тергеу изоляторында қамауда отырғандар наразылық білдірді
Ulysmedia.kz ЖИ

Атыраудағы тергеу изоляторында қамауда отырғандар мен мекеме әкімшілігі арасында жанжал шықты. БАҚ мәліметінше, қамауда ұстау жағдайына көңілі толмағандар өздерін қасақана жарақаттай бастаған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Ulysmedia.kz редакциясына оқиғаны растағанымен, зардап шеккендердің ауруханаға жеткізілгені туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Оқиға 23 қазанда болған. «Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, қамауда отырғандардың наразылығына изолятордағы жағдай мен карантин бөлімшесіне қатысты мәселе себеп болған.

Басылым дереккөздерінің айтуынша, қамаудағылар карантин бөлімшесіндегі адамдарды басқа жерге ауыстыруды талап еткен. Алайда мекеме әкімшілігі олардың талабын орындамаған соң жағдай шиеленісе түскен.

Дереккөздердің мәліметінше, кейбірі өздерін тілгілеп, енді бірі өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Сондай-ақ, басы мен денесін әдейі жарақаттағандар да болған.

Бастапқыда зардап шеккен үш адамның ауруханаға жеткізілгені хабарланды.

Оқиғадан кейін мекеме ішінде жүріп-тұруға қойылған шектеулер күшейтілген. Сондай-ақ, тергеу изоляторына прокуратура, қылмыстық-атқару жүйесі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері келгені айтылды.

ҚАЖК не дейді?

Ulysmedia.kz редакциясының сауалына жауап берген Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті оқиғаға ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған бес адамның қатысқанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, олар мекемеде белгіленген тәртіпке наразылық білдіріп, бейнебақылау камераларының көзін жауып, өздеріне дене жарақатын салуға әрекеттенген.

– Атырау қаласындағы тергеу изоляторында ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан бес сотталған адам мекемеде белгіленген тәртіпке қарсылық білдіріп, заңға қайшы әрекеттерге барған, – деп хабарлады ҚАЖК.

Комитет өкілдерінің айтуынша, сотталғандардың денесінен жеңіл жарақаттар ғана анықталған.

Зардап шеккендер бар ма?

ҚАЖК үш адамның ауруханаға жеткізілгені туралы ақпаратқа да пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, оқиғадан кейін мекеме әкімшілігі бірден жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер қамаудағыларды тексеріп, қажетті медициналық көмек көрсеткен.

– Оларды ауруханаға жатқызу қажет болған жоқ. Сотталғандардың денсаулық жағдайы тұрақты, – деп мәлімдеді комитет.

Оқиғадан кейін топ болып бағынбауды ұйымдастыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

ҚАЖК өкілдері қазір тергеу изоляторындағы жағдай толық бақылауда екенін айтты.

– Қазір мекемедегі жағдай тұрақты. Тәулік бойы бейнебақылау жүргізіліп жатыр. Тергеу изоляторы қалыпты тәртіппен жұмыс істеп тұр, – деп хабарлады ведомство.

Алайда комитет қамаудағылардың талаптары карантин бөлімшесіне қатысты болған-болмағанын және олардың наразылығына нақты не себеп болғанын ашып айтпады.