×
$
441.77
€
502.38
₽
5.23
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.77
€
502.38
₽
5.23

Қазақстан АҚШ-тың жаңа санкция баждарына іліге ме? СІМ жауабы

Бүгін, 17:56
Қазақстан АҚШ-тың жаңа санкция баждарына іліге ме? СІМ жауабы
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан Ресей мен Иранға қарсы санкциялар туралы АҚШ-тың жаңа заңында көзделген тариф шектеулеріне ілікпейді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі Ulysmedia.kz редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Қазақстан түзетулердің бірінде аталған

Редакция АҚШ-та құжат қаралып жатқан кезде-ақ Сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолдаған еді. Бұған заң жобасындағы негізгі нормалардың бірі себеп болды. Құжат Ресейден мұнай немесе газ сатып алатын бес ірі елдің қатарына кіретін мемлекеттердің тауарларына 100%-ға дейін баж салығын енгізуге мүмкіндік береді.

Құжатты талқылаудың бір кезеңінде конгрессмендер Стени Хойер мен Марси Каптур ұсынған түзетуде Қазақстанның да аты аталған. Олар жаңа тариф шаралары қолданылуы мүмкін елдерді құжатта нақты көрсетуді ұсынған. Алайда бұл түзету заңның соңғы нұсқасына енген жоқ.

Ulysmedia.kz Сыртқы істер министрлігінен Қазақстан үшін мұндай тәуекел бар-жоғын, Астананың америкалық тараптан пікір сұраған-сұрамағанын және ықтимал жеңілдіктер мәселесі талқыланды ма деген сауал жолдады.

Редакция жауап күтіп отырған аралықта құжат барлық қажет рәсімнен өтті. 18 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп заңға қол қойды.

Заң АҚШ президентіне Ресейдің энергетикалық ресурстарын ең көп сатып алатын елдерге 100%-ға дейін баж салығын енгізу құқығын береді.

Дегенмен заңның қабылдануы оның талаптарына сай келуі мүмкін барлық мемлекетке мұндай тарифтер бірден әрі автомат түрде енгізіледі дегенді білдірмейді.

Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға бұл шаралар қолданылмайтынын мәлімдеді.

– Қазақстан Республикасы құжатта қарастырылған тариф шараларының аясына кірмейді. Сыртқы істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, еліміздің сыртқы экономикалық мүдделерін қорғау және дамыту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып келеді. Өзара қызығушылық тудыратын мәселелерді талқылау үшін америкалық тараппен тұрақты байланыс орнатылған, – деп хабарлады ведомство Ulysmedia.kz-ке.

Жаңа заңда не қарастырылған?

Құжат «Ресей мен Иранға қарсы санкциялар туралы Линдси О. Грэмнің 2026 жылғы заңы» деп аталады.

Ол Ресейдің мемлекеттік органдарымен байланысты шенеуніктерге, қаржы ұйымдарына және басқа да құрылымдарға қатысты шараларды қамтиды. Сонымен қатар, АҚШ президентінің Ресейдің энергетикалық ресурстарын ең көп сатып алатын елдерге тарифтік шектеулер енгізу мүмкіндігін кеңейтеді.

Заңдағы негізгі нормалардың бірі Ресейден мұнай немесе газ сатып алатын бес ірі елдің қатарына кіретін мемлекеттердің тауарларына 100%-ға дейін баж салығын енгізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, құжат Ресейде өндірілген тауарларға салынатын бажды 500%-ға дейін көтеру мүмкіндігін қарастырады.