×
$
440.86
€
500.77
₽
5.27
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
440.86
€
500.77
₽
5.27

Израиль Flydubai ұшағындағы төтенше жағдайды теракт жасау әрекеті деп бағалады

Бүгін, 12:38
Израиль Flydubai ұшағындағы төтенше жағдайды теракт жасау әрекеті деп бағалады
Ulysmedia коллажы

Қазақстандағы Израиль елшілігі Дубайдан Тель-Авивке ұшып шыққан Flydubai әуе компаниясының FZ1073 рейсіндегі оқиғаны Израиль тарапы теракт жасау әрекеті болуы мүмкін деп қарастырып отырғанын мәлімдеді. Ұшақ 30 қыркүйекте Сауд Арабиясына шұғыл қонған. Барлық жолаушы аман, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Израиль шабуыл әдейі жасалған деп санайды

Израиль билігінің алдын ала нұсқасына сәйкес, экипаж мүшелерінің бірі ұшақ тізгінін өз қолына алып, әуе кемесін жерге қарай құлатпақ болған.

Ұшу кезінде ұшқыштар арасында жанжал шыққан. Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, екінші ұшқыш капитанға пышақпен шабуыл жасаған. Осыдан кейін ұшақ биіктігін күрт жоғалта бастаған. Шабуылдың нақты себебі әзірге белгісіз. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Flydubai компаниясы да тексеру аяқталғанша асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

Израиль елшілігі оқиғаны БАӘ-мен қарым-қатынасқа төнген қауіп деп бағалады

Қазақстандағы Израиль елшілігі бұл жағдайды жолаушыларға жасалған шабуыл ғана емес, БАӘ авиациясына және екі ел арасындағы қарым-қатынасқа қарсы әрекет ретінде қарастырып отырғанын мәлімдеді.

– Терроризмге мемлекеттік қолдау көрсету бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндіреді, халықаралық авиацияға қатер төндіреді және өңірде бейбітшілік орнату мен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге бағытталған күш-жігерге нұқсан келтіреді. Бұл террористік әрекетке жауапты адамдар, сондай-ақ олардың артында тұрған мемлекеттер мен құрылымдар Авраам келісімдерін бұзуға, БАӘ азаматтары мен мүдделеріне зиян келтіруге немесе Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы байланысты үзуге бағытталған әрекеттерінің нәтижесіз болатынын түсінуі керек. Израиль Біріккен Араб Әмірліктерімен серіктестікті одан әрі нығайтуға, сондай-ақ бүкіл өңірде бейбітшілік пен ынтымақтастықты дамытуға деген берік ұстанымын растайды, – деп мәлімдеді елшілік.

Жолаушылар шабуылдаушыны тоқтатуға көмектескен

Ұшақ бортында 174 жолаушы болған. Олардың басым бөлігі – Израиль азаматы.

Ұшақ кенеттен төмендей бастағанда, жолаушылар мен экипаждың басқа мүшелері араласып, шабуыл жасаған адамды тоқтатуға көмектескен.

Осыдан кейін бортта болған Flydubai компаниясының қосалқы ұшқыштары ұшақты басқаруды қолға алып, Сауд Арабиясының Табук қаласына қондырған.

Барлық жолаушы аман қалды. Жарақат алған ұшақ капитаны ауруханаға жеткізілді.