АҚШ-тың Хьюстон қаласында Қазақстанның жаңа Бас консулдығы азаматтарды қабылдай бастады. Енді Техас пен консулдық қызмет көрсететін басқа штаттарда тұратын қазақстандықтар құжаттарын рәсімдеп, қажет көмекті өз өңірінде ала алады. Ол үшін бұрынғыдай АҚШ-тың өзге қалаларына барудың қажеті жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстанның Хьюстондағы Бас консулдығы 2026 жылғы 20 қарашада ресми түрде жұмысын бастады. Алғашқы күні-ақ консулдық қызметкерлері келушілерді қабылдаған.
Енді АҚШ-та тұратын Қазақстан азаматтары қажетті құжаттарын рәсімдеу, құқықтық көмек алу және басқа да консулдық мәселелер бойынша осы мекемеге жүгіне алады.
Бұған дейін бұл өңірдің тұрғындары мұндай қызметтерді алу үшін АҚШ-тың басқа қалаларындағы дипломатиялық өкілдіктерге баруға мәжбүр болған.
Жаңа консулдық азаматтарға көмек көрсетумен қатар, Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланысты нығайтуға да атсалысады.
Атап айтқанда, екі елдің сауда, инвестиция, білім беру, мәдениет және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейту көзделіп отыр.
Сонымен қатар, Бас консулдық шетелде тұратын қазақстандықтарға қолдау көрсетіп, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғаумен айналысады.
Еске салайық, бұған дейін Хьюстон қаласының мэрі Джон Уитмайр жергілікті қазақ қауымын Қазақстанның Республика күнімен ресми түрде құттықтаған еді.
Қала мөрі басылған арнайы құжатта мэр қазақстандықтар мен қазақ текті америкалықтардың Хьюстонның мәдени өміріне қосқан үлесін атап өткен.
Сондай-ақ, ол қазақ халқының салт-дәстүрін сақтап, шетелдегі қандастардың басын қосып жүрген Texas Qazaq Foundation ұйымына ерекше алғыс білдірген.
Бұған дейін Хьюстон билігі 16 желтоқсанды қалада Қазақстанның Тәуелсіздік күні ретінде ресми түрде таныған болатын.