×
$
447.73
€
502.98
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.73
€
502.98
₽
5.35

Азиада: жеңіс бар, енді әділ қорытынды керек

Бүгін, 09:09
Азиада: жеңіс бар, енді әділ қорытынды керек
Ulysmedia.kz коллажы

Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындары мәресіне таяды. Қазақстан қоржынында 84 медаль бар: 12 алтын, 24 күміс және 48 қола. Жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтадық. Бұл – 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азиададағы көрсеткіштен үш саты жоғары нәтиже.

Бұл медальдар – жылдар бойғы тынымсыз дайындықтың, жарақатпен күрестің, талай шектеуді еңсерген спортшылар мен бапкерлер еңбегінің нәтижесі. Қазақстанның көк байрағын биіктету үшін рингке, татамиге, жарыс жолы мен тұғырға шыққан әр спортшының еңбегі құрметке лайық.

Бұл Азия ойындарында мақтануға тұрарлық жеңістер аз болған жоқ.

Бокстан Қазақстан 12 жылдан кейін Азия ойындарының алтынын қайта жеңіп алды. Төрехан Сабырхан мен ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай чемпион атанды. Алдыңғы екі Азиадада боксшыларымыз алтынсыз қалғанын ескерсек, бокс қашанда спорттан да үлкен мәнге ие болған ел үшін бұл – айрықша маңызды нәтиже.

Семсерлесуден Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов сапында өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы шпагамен семсерлесудің командалық сынында топ жарды. Финалда Оңтүстік Корея құрамасын 43:42 есебімен жеңді. Алтын медальдің тағдырын бір ғана дәл соққы шешті. Қазақстан бұл жүлдені араға 24 жыл салып қайта иеленді. Азия чемпионаты, әлем чемпионаты және Азия ойындары – бір маусымда үш ірі жеңіс.

Академиялық ескек есуден Қазақстан тарихындағы алғашқы Азия ойындарының алтынын Владислав Яковлев пен Иван Чернухин жеңіп алды. Таеквондодан алғашқы алтынды Тамирлан Тілеулес әкелді.

Алексей Луценко жазғы Азия ойындарындағы алтын жүлделерінің санын алтауға жеткізді. Рината Сұлтанова жеке жарыста Азиада алтынын жеңіп алған тұңғыш қазақстандық велошабандоз атанды.

Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева каратэден чемпион атанды. Еркінғали Бүркітәлі мен Қадырбек Шынбаев Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енген аралас жекпе-жек сайысында алтын жүлде иеленді.

Дзюдодан Қазақстан алғаш рет төрт бірдей спортшы финалға шықты. Елдос Сметов, Әбиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат күміс медаль жеңіп алды. Аралас командалық жарыста тағы бір күміс бұйырды. Бес финалдың бәрінде де қазақстандық спортшылар Жапония өкілдерімен белдесті. Милад Карими еркін жаттығудан күміс жүлде алып, Қазақстанды осы сайыс түрінен 32 жылдан кейін Азиада тұғырына қайта шығарды.

Күресте де даму бар. Еркін күрес шеберлері үш қола жүлде еншілесе, әйелдер құрамасы бір күміс пен екі қола медаль жеңіп алды.

Мұның бәрі – елеулі жетістік. Алайда мұндай табыстар бүкіл спорт жүйесінің жұмысын ашық әрі әділ бағалау қажетін жоққа шығармайды.

Сегізінші орын мен үш саты жоғарылау – даму бар деуге негіз. Бірақ нәтижені бағалау үшін медаль кестесіндегі екі орынды ғана салыстыру жеткіліксіз. Әр құрама алдына қандай міндет қойылды, оған қандай мүмкіндік пен ресурс берілді, нәтижесінде не орындалды? Соны білуіміз керек.

Қай спорт түрі ойлағаннан да жоғары нәтиже көрсетті? Қай тұста олқылық жібердік? Бір команданың серпіліс жасауына не көмектесті, ал екіншісінің әлеуетін толық пайдалануына не кедергі болды? Осы сұрақтарға жауап берілмесе, кез келген қорытынды есеп ыңғайлы санның тізіміне айналып кетуі мүмкін.

Иә, медаль санына Азия ойындарының бағдарламасы да әсер етеді. Оның құрамында кейбір елдер ерекше мықты саналатын олимпиадалық емес спорт түрлері бар. Мәселен, кабадди, кураш, сепактакрау. Нәтижелерді салыстырғанда мұны ескерген дұрыс. Бірақ жарыс бағдарламасының ерекшелігі Қазақстанның жалпы есептегі орнын түсіндіретін әмбебап сылтауға айналмауы керек. Шарттар алдын ала белгілі болды. Сондықтан отандық спорттың жұмысын, ең алдымен, өз мүмкіндігімізді қаншалық толық пайдаланғанымызға қарап бағалау қажет.

Тағы бір маңызды мәселе – халықаралық деңгейдегі жұмыс.

Бәсеке спортшы жарыс алаңына шыққан сәттен басталмайды. Ол одан әлдеқайда ертерек басталады: халықаралық ұйымдардағы өкілдіктен, ережелерді жетік білуден, төрешілер мен мамандар даярлаудан және команда мүддесін уақытында әрі заң аясында қорғай білуден.

Бізге халықаралық федерациялар мен төрешілер құрамында білікті мамандар керек. Наразылық пен апелляция беру рәсімдерін жетік білетін кәсіби мамандар қажет. Спортшы өзінің артында кез келген жағдайда жылдам әрі сауатты әрекет ете алатын мықты команда бар екенін сезінуге тиіс.

Әлемдік спорттағы бедел бір күнде қалыптаспайды. Ол жылдар бойғы тұрақты жұмыс, халықаралық ортада үздіксіз қатысу, кәсіби байланыс пен біліктіліктің арқасында келеді.

Даулы төрешілік болғаннан кейін ғана мұны еске түсіру – кеш.

Қазақстанның Халықаралық Олимпиада комитетінде өкіл болған тәжірибесі бар. Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов ХОК мүшесі болған. Демек, сүйенетін тәжірибеміз бар. Бірақ халықаралық ықпалды жүйелі түрде күшейту, осындай деңгейде жұмыс істей алатын мамандарды даярлау және сол тәжірибенің сабақтастығын қамтамасыз ету қажет.

Ұлттық Олимпиада комитеті де өз жұмыс тәсілін қайта қарастырғаны жөн. Геннадий Головкиннің спорттағы беделіне құрметпен қарай отырып, бір ғана даңқты боксшының абыройына сүйеніп ұзаққа бара алмайтынымызды түсінуіміз керек. Қазақстан спортына мықты басқарушы команда, күнделікті жүйелі жұмыс және нәтиже үшін нақты жауапкершілік қажет.

Головкин World Boxing ұйымын басқарады. Бұл – халықаралық деңгейдегі аса жауапты қызмет әрі үлкен міндет. Осы жұмысты ҰОК басшылығымен қатар алып жүру заңды сұрақ туғызады: ел ішіндегі спорттың барлық мәселесіне уақыт пен назар жеткілікті ме? Мен Геннадийдің орнында болсам, World Boxing жұмысына ден қояр едім. Әлемдік боксты дамытуға, оның Олимпиада бағдарламасындағы болашағын нығайтуға, әділ төрешілік пен сапалы басқаруды жолға қоюға күш салған жөн деп санаймын. Мұндай жұмыс Қазақстанның халықаралық беделін де арттыра алады. Меніңше, Головкиннің болашақта ХОК мүшесі болуға әлеуеті бар. Бұл – менің жеке пікірім. Мұндай мәртебеге жету үшін ұзақ мерзімді, жүйелі жұмыс пен халықаралық спорт қауымдастығының сенімі қажет.

Сонымен қатар, Қазақстанда ҰОК-ны басқарып, оның күнделікті жұмысына толықтай ден қоя алатын азаматтар бар екеніне сенемін. Елімізде патриот әрі мықты басшылар жеткілікті. Спорт басқаруына бизнес саласынан да адамдар келіп жатыр. Олардың команда құру, ресурс тарту, нақты нәтижеге қол жеткізу тәжірибесі бар. Осы әлеуетті дұрыс пайдалану қажет.

Әрине, бизнестегі тәжірибе спорттағы табысқа өздігінен кепіл болмайды. Саланы түсіну, жаттықтырушылар мен спортшыларды құрметтеу, мамандардың пікірін тыңдау және қабылданған шешім үшін жауап беру қажет.

Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығы туралы мәселені ашық талқылау – қалыпты жағдай. Геннадийдің спорттағы жетістіктері сөзсіз құрметке лайық. Ал басқарушылық қызмет бөлек әрі нақты өлшемдермен бағалануы керек.

Бізге спортты дамытудың біртұтас бағыты қажет. Министрлік, ҰОК, федерациялар, жаттықтырушылар мен спорт мамандары ортақ мақсат, нақты міндет пен үйлесімді әрекет негізінде бір команда болып жұмыс істеуге тиіс. Спорт резервін даярлауға кім жауап береді, ұлттық құрамалардың жағдайына кім жауапты, халықаралық өкілдік кімнің міндетінде – бәрі анық болуы қажет. Әр бағыттың нақты жауапты тұлғасы болғаны дұрыс. Қандай да бір мәселе туындағанда ұйымдар бірлесіп, жылдам шешім қабылдай алуы керек.

Әр федерацияның өзіндік ерекшелігі бар. Бірақ халықаралық жарыстарда олардың бәрі бір елдің атынан шығады. Осы тұста мен үшін басшылардың жеке мақсаты мен мүддесі мәселесі өте маңызды. Спорт басшылығына келген адам спортшылар мен ел алдында белгілі бір міндет арқалайды. Егер жеке амбиция, ықпал үшін тартыс немесе қызмет орнын сақтап қалуға деген ұмтылыс ортақ нәтижеге кедергі келтірсе, бұл енді бүкіл жүйенің мәселесіне айналады. Спортшылардан толық беріліп жұмыс істеуді талап етіп отырып, басшылардың өзіне дәл сондай талап қоймауы дұрыс емес.

Федерациялар арасында тәжірибе алмасу, спорт медицинасы мен талдау саласында бірлескен жұмыс, халықаралық мамандарды даярлау қажет. Бір команданың сәтті шешімі екіншісіне де пайдасын тигізуі тиіс.

Министрлік федерациялардың Азиада алдындағы міндеттемелерін қалай орындағанын саралайтынын мәлімдеді. Меніңше, қоғам осы талдаудың мазмұнды қорытындысын көруге тиіс: не орындалды, не орындалмады, оған не себеп болды және қандай шешім қабылданады? Басшылардың жауапкершілігі спортшылар үшін жасалған жағдайдың сапасы мен алға қойылған міндеттердің орындалуына қарай өлшенуі керек. Спортшылардың жеңісі басқаруға қатысты барлық сұрақты автоматты түрде жауып тастамауы тиіс.

Өзбекстанның бізден жоғары тұрғанына ренжудің де қажеті жоқ. Көрші елдің жетістігі – олардың жұмысын мұқият зерделеп, өзіміздің әлсіз тұстарымызды күшейтуге себеп. Олар спорт резервін қай бағытта тиімдірек даярлап отыр? Халықаралық байланысты қалай жолға қойған? Қандай басқарушылық шешім нәтиже берді? Өзгенің жетістігін өзімізге ыңғайлы себептермен түсіндіруге тырысқаннан гөрі, осы сұрақтарға жауап іздеген әлдеқайда пайдалы. Бәсекелестер біз өзара келісіп алғанша күтіп тұрмайды.

Қазақстан – бәсекеге қабілетті ел. Бұл Азия ойындары бізде дарынды спортшылар, мықты бапкерлер және әлемнің үздіктерін жеңе алатын командалар бар екенін көрсетті. Енді басқару сапасы сол спортшылардың еңбегі мен амбициясына сай болуы керек.

Менің қорытындым қатал: егер жіберілген қателіктерден сабақ алып, спортты басқару тәсілін өзгертпесек, келесі Олимпиадада сәтсіздікке ұшырауымыз мүмкін. Азия ойындарының кестесінде жоғарылағанымыз өздігінен ештеңеге кепілдік бермейді.

Олимпиададағы нәтиже әр спорт түрінің дайындығын, резервтің тереңдігін және әлемнің ең мықтыларымен бәсекелесе алу қабілетін бөлек бағалауды талап етеді. Нәтижеге кедергі келтіретін барлық мәселені қайта қарау қажет: жауапкершіліктің бөлінуін, спортшыларды даярлау жүйесін, федерациялар арасындағы ықпалдастықты, халықаралық жұмысты және басшылардың қызметін бағалау өлшемдерін.

Бізге біртұтас бағыт керек. Ауызбіршілік керек. Ең бастысы – шешім қабылдайтын адамдар Қазақстан спортының мүддесін жеке мақсатынан жоғары қоюы тиіс.

Спортшыларға ел қоржынына салған медальдары үшін алғыс айтамыз. Ал спорт басшыларынан нақты шешім талап етуге толық хақымыз бар. Себебі спортшыларымыздың талай жылғы еңбегі Олимпиадада лайықты жалғасын табуы керек.