1 желтоқсаннан бастап Астанада қоғамдық көлікте жолақыны қолма-қол ақшасыз төлеу құны 110 теңгеден 150 теңгеге дейін өседі. Бағаның көтерілуіне тасымалдаушылар шығынының артуы себеп болып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Неліктен жолақы қымбаттайды?
90 теңгелік тариф 2014 жылы белгіленген. Содан бері 12 жыл ішінде ол бір-ақ рет қайта қаралған. Ал осы уақыт аралығында тасымалдаушылардың негізгі шығындары бірнеше есе өскен.
– Дизель отынының бағасы литріне 107 теңгеден 329 теңгеге дейін өсті, яғни үш еседен астам қымбаттады. Жүргізушілердің жалақысы 100-150 мың теңгеден 700 мың теңгеге және одан жоғары деңгейге жетті. Сонымен қатар қосалқы бөлшектерге, дөңгелектерге, аккумуляторларға, жөндеу жұмыстарына және жаңа автобустар сатып алуға жұмсалатын шығын да айтарлықтай артты, – дейді әкімдіктегілер.
Ресми әдістеме бойынша жүргізілген есепке сәйкес, 2026 жылы бір жолаушыны тасымалдаудың нақты құны қазіргі 110 теңгеден әлдеқайда жоғары.
Автобус паркі қандай?
Кейінгі үш жылда тасымалдаушылар 1 127 жаңа автобус сатып алған. Билік алдағы уақытта да автобус паркін жаңартып, маршруттық желіні дамыту жалғасатынын мәлімдеді.
Кімдер тегін жүре алады?
Қаланың кей тұрғындары үшін жеңілдіктер сақталады. Соғыс ардагерлері, зейнеткерлер, көпбалалы аналар мен отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың ата-анасының бірі, саяси қуғын-сүргін құрбандары, сондай-ақ Астанада білім алатын 18 жасқа дейінгі мектеп оқушылары қоғамдық көлікте тегін жүру құқығын сақтайды.