4 қазанға қараған түні Өскемендегі дәмханалардың бірінде жанжал болып, полиция қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Алдын ала мәлімет бойынша, 40 жастағы жергілікті тұрғын өзін дөрекі ұстап отырған басқа келушіге ескерту жасаған. Бұған ашуланған ер адам оған ауыр жарақат салып, салдарынан ол оқиға орнында көз жұмған. Жанжалға араласуға тырысқан тағы бір адам да зардап шеккен.
Кейін қаза тапқан адамның полиция қызметкері болғаны анықталды. Алайда оқиға кезінде ол қызметте болмаған.
Полицияның түсініктемесі
– Қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айта кетейік, қаза тапқан азамат полиция қызметкері болған. Оқиға кезінде ол қызметтен тыс уақытта жүрген. Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, – деп хабарлады полиция департаменті.