Теңге долларға шаққанда айтарлықтай әлсіреді. Бір сауда сессиясында АҚШ валютасы 6 теңгеден астам қымбаттады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Теңгеге қысым күшейді
20 қараша, жұма күнгі сауда қорытындысы бойынша доллар 6,19 теңге қымбаттап, 455,32 теңгеге жетті. Сауда көлемі 825,6 миллион долларға дейін өсіп, алдыңғы көрсеткіштен 208 миллион долларға артты.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы теңгенің әлсіреуіне бірнеше фактор әсер еткенін атап өтті. Сауда барысында мұнай бағасы төмендеді. Бұған қоса, әлемдік қаржы нарықтарында инвесторлар тәуекелі жоғары активтерден жаппай бас тартты. Мұндай көңіл күй Қазақстанның валюта нарығына да әсер етті.
Алайда теңгенің әлсіреуіне сыртқы факторлар ғана себеп болмаған. Қаржыгерлер қауымдастығы ішкі нарықтағы жағдай да ықпал етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
– Сонымен қатар жергілікті нарықтағы белгілі бір теңгерімсіздік шетел валютасын сатып алуға қолайлы бағам мен жекелеген қатысушылар тарапынан оған сұраныстың артуына байланысты болуы мүмкін. Ал алдағы салық төлемдері экспорттаушылар тарапынан шетел валютасы ұсынысын көбейтіп, бағамға түсетін қысымды ішінара бәсеңдетуі ықтимал, – дейді қауымдастық сарапшылары.
Мұнай арзандап, инвесторлар алаңдаулы
Шикізат нарығындағы жағдай тұрақсыз болып отыр. Жұма күні мұнай бағасы 0,6 пайыз өсіп, барреліне 92,6 долларға жетті. Бұған Таяу Шығыстағы қақтығыстың қайта шиеленісуі себеп болды.
Йемендегі хуситтер Қызыл теңіз жағалауындағы Сауд Арабиясының порттарына соққы жасайтынын ескертіп, жұмысшыларды порттардан кетуге, ал кеме қатынасы компанияларын кемелерін әкетуге шақырды. Сол күні олар Эр-Риядқа зымыранмен соққы жасады.
Алайда жексенбіге қарай жағдай өзгерді. Өңірдегі шиеленіс әлі басылмағанымен, мұнай бағасы күрт төмендеді.
– Жексенбі күні мұнай бағасы 3,5 пайыз арзандап, барреліне 89,3 долларға дейін түсті. Бұған Парсы шығанағы елдерінен мұнай экспортының артуы және нарықта ұсыныстың шамадан тыс көбею қаупі қақтығыстың ушығуынан туындаған әсерден басым түсуі себеп болды. Бұл қазіргі кезеңде мұнай бағасына геосаяси тәуекелдерден гөрі іргелі факторлар көбірек ықпал ететінін көрсетеді, – делінген шолуда.
Енді мұнай нарығы ОПЕК+ отырысын күтіп отыр. Онда мұнай өндірудің алдағы саясаты талқыланады.
Қазақстан экономикасы мұнай экспортына тәуелді болғандықтан, әлемдік нарықтағы мұнай бағасының өзгеруі ел үшін маңызды.