Nazarbayev University алғаш рет Times Higher Education World University Rankings 2027 рейтингіне енген ТМД елдерінің* университеттері арасында бірінші орынға шықты. Университет 376-400 аралығындағы позициядан көрініп, өңірдегі бірқатар жетекші жоғары оқу орындарын, соның ішінде Мәскеу физика-техникалық институтын (401–450), Н. Э. Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін (551–600) және Ұлттық зерттеу университеті – Жоғары экономика мектебін (601–650) басып озды.
Бір жыл бұрын NU ТМД университеттері арасында төртінші орында болған. 2027 жылы университет рейтингке енген ТМД ЖОО-лары арасында бірінші орынға көтеріліп, Қазақстан мен Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтап қалды.
NU-дың жаңа нәтижесі университеттер арасындағы жаһандық бәсеке күшейіп жатқан кезеңге тұспа-тұс келді. THE World University Rankings 2027 рейтингі 118 ел мен аумақтан рекордтық 2 297 университетті қамтыды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 106 университетке көп.
Сонымен қатар жаһандық жоғары білім беру жүйесінің географиясы да өзгеріп келеді. 2027 жылғы рейтингте Азияның үш университеті әлемнің үздік 15 жоғары оқу орнының қатарына кірді. Қытайдың Tsinghua University 11-орынға көтеріліп, швейцариялық ETH Zurich-тен озды. Ал National University of Singapore (NUS) алғашқы он бестікке енді.
Бірінші орынды он бірінші жыл қатарынан University of Oxford сақтап қалды.
ТМД елдерінің рейтингіне енген университеттер саны да артты. THE World University Rankings 2027 рейтингіне Достастық елдерінен рекордтық 97 университет кірді.
Қазақстандық ЖОО-лардың саны бес университеттен онға дейін өсті. Өзбекстан рейтингте сегіз университетпен ұсынылды, олардың төртеуі алғаш рет рейтингке енді. Әзербайжан бес университетпен ұсынылды, олардың біреуі рейтингке алғаш рет кірді. Беларусьтен екі университет бар, олардың бірі де биылғы рейтингте алғаш рет көрсетілді.
NU нәтижесінің артында не тұр?
THE зерттеу университеттерін бес бағыт бойынша бағалайды: білім беру ортасы, зерттеу ортасы, зерттеулердің сапасы, халықаралық қызмет және индустриямен байланыс.
Қорытынды бағаның шамамен 60%-ы тікелей зерттеу жұмыстарына тиесілі: 29%-ы зерттеу ортасына, 30%-ы зерттеулердің сапасына беріледі.
Зерттеу жұмыстары NU-дың ең мықты бағыттарының бірі болып қала береді. Research Quality санатында университет 84,1 балл жинады.
Айта кету керек, зерттеу сапасы бойынша NU АҚШ пен Швейцарияның жалпы THE рейтингінде айтарлықтай жоғары тұрған бірқатар университетімен салыстырмалы нәтижелер көрсетіп отыр. Олардың қатарында University of Rochester (136-орын), University of Arizona (139-орын) және University of Geneva (163-орын) бар.
Бұл көрсеткіш тек жарияланымдар санын ғана емес, олардың дәйексөз келтірілу деңгейін, ғылыми маңызын, ең үздік зерттеулердің сапасын және олардың кейінгі ғылыми жұмыстарға ықпалын бағалайды.
Кейінгі бес жылда NU ғалымдары 6 500-ден астам ғылыми жұмыс жариялады. Олардың 68%-ы бірінші квартильдегі (Q1) журналдарда жарық көрген, ал үштен бірі Scopus базасындағы CiteScore көрсеткіші бойынша үздік 10%-ға кіретін журналдарда жарияланған.
NU зерттеулерінің сұранысқа ие екенін олардың дәйексөз келтіру көрсеткіштері де дәлелдейді. Университеттің ғылыми жұмыстарының 15%-дан астамы әлемдегі ең көп дәйексөз келтірілген жарияланымдардың үздік 10%-ына кіреді. Ал NU ғалымдарының еңбектеріне әлемдегі ұқсас зерттеулермен салыстырғанда орта есеппен 2,68 есе жиі дәйексөз келтіріледі.
Зерттеулермен қатар NU инновациялық және кәсіпкерлік экожүйені де дамытып келеді. Атап айтқанда, университеттің 18 стартапы StartX акселерациялық бағдарламасынан өтті.
Университет экожүйесінің жобаларының бірі – NU профессоры Гүлнұр Қалимолдина негізін қалаған Mirai Tech компаниясы Кремний алқабында өткен WT Innovation World Cup 2026 байқауында екінші орын алды. Жоба киілетін технологиялар саласындағы әзірлемесін таныстырды.
Рейтингтегі көрсеткіштердің жақсаруы университеттің кешенді дамуын көрсетеді. Оған білім беру ортасын жетілдіру және бағдарламаларды халықаралық аккредиттеуден өткізу, зерттеу инфрақұрылымын дамыту, халықаралық академиялық және ғылыми серіктестіктерді кеңейту, сондай-ақ индустриямен байланысты нығайту жатады.
Осылайша, NU-дың ТМД университеттері арасындағы бірінші орны рейтингтің өзінде бәсекелестік күшейіп, өңірдегі университеттер халықаралық академиялық картадағы өз орнын кеңейтіп жатқан кезеңге сәйкес келіп отыр.
NU үшін бұл нәтиже өңірдегі жетекші зерттеу университеттерінің біріне айналу және жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатына бағытталған жүйелі дамудың көрсеткіші болып есептеледі.
*М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (ММУ) Times Higher Education World University Rankings 2027 рейтингіне енгізілмеген.