×
$
447.14
€
500.35
₽
5.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.14
€
500.35
₽
5.24

Forbes Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің рейтингін жариялады

Бүгін, 10:01
Forbes Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің рейтингін жариялады
Ulysmedia коллажы

Вячеслав Ким Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің рейтингінде қайтадан бірінші орынға шықты. Ол бұл тізімде бұған дейін 2023 жылы да көш бастаған. Үздік 50-лікке төрт жаңа есім енді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Forbes хабарлауынша, бизнесменнің ықпалы оның капиталының көлемімен ғана өлшенбейді. Мұнда стратегиялық маңызды салалардағы орны, шешім қабылдау орталықтарына жақындығы және кәсіпорындар мен мыңдаған адамға әсер ететін жобалардың ауқымы ескеріледі.

Үздік ондықта кімдер бар?

Вячеслав Ким Kaspi.kz-тің 20,06 пайыз акциясына иелік етеді. Сондай-ақ Magnum Cash&Carry желісін, Alatau City Bank пен QMobile (бұрынғы Jusan Mobile) компанияларын бақылайды. Қыркүйекте ол Алатау қаласында 100 миллион долларлық эндаумент-қоры бар AÑSA HUB құратынын жариялады.

Екінші орында — Болат Өтемұратов. Оның активтерінің қатарында ForteBank, Beeline, сондай-ақ Ritz-Carlton және Rixos қонақүйлері бар.

Үшінші орында — Тимур Құлыбаев. Ол Халық банкіне, Viled Group компаниясына және QazaqOil жанармай құю станцияларының желісіне қатысы бар.

Төртінші орында — Нұрлан Смағұлов (Astana Motors, MEGA сауда-ойын-сауық орталықтары желісі).

Үздік бестікті рейтингке алғаш енген Шахмұрат Мүтәліп түйіндейді.

Одан кейінгі орындарда Тимур Турлов (Freedom Holding Corp.), Нұрлан Артықбаев (Qazaq Stroy, «Қазақмыс»), Андрей Лаврентьев («Allur», Qarmet), Айдын Рахымбаев (BI Group) және Владимир Ким (KAZ Minerals, Bank RBK) орналасқан.

Жаңа есімдер шикізат нарығындағы жағдайды өзгертті

Рейтингтегі негізгі өзгерістер ірі мәмілелермен байланысты.

36 жастағы Шахмұрат Мүтәліп (байлығы — 482 миллион доллар) Eurasian Resources Group компаниясының 39,3 пайыз үлесін сатып алып, алтын өндіруші «Алтыналмас» компаниясын сатып алу туралы келісімге қол қойған. Соның нәтижесінде ол бірден рейтингтің бесінші сатысына көтерілді.

Ал байлығы 508 миллион доллар деп бағаланған Нұрлан Артықбаев «Қазақмыс» корпорациясын бақылауына алып, жетінші орынға жайғасты.

Тағы бір жаңа есім — Құдірет Шәмиев. Ол ERG-нің Қазақстандағы кәсіпорындарын басқарды.

Ал Алмас Әлсенов (байлығы — 204 миллион доллар) Қызылорда облысында агроөнеркәсіптік кластер құрып жатыр. Сонымен қатар ол PSG Academy Kazakhstan футбол академиясын іске қосты.

Бизнесмендер футбол клубтарын сатып алып жатыр

Forbes жаңа үрдіске де назар аударған. Кәсіпкерлер кәсіби футболға жаппай инвестиция сала бастаған.

Тимур Турлов қарағандылық «Шахтер» клубын, Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» клубын, Шахмұрат Мүтәліп шымкенттік «Ордабасыны», ал Дінмұхамед Ыдырысов түркістандық «Тұранды» сатып алған.

Сергей Кан петропавлдық «Қызыл-Жар» клубына инвестор болды. Ал КAZ Minerals компаниясы, оның иелері Владимир Ким мен Эдуард Новачук, семейлік «Елімайдың» негізгі серіктесіне айналды.