×
$
447.14
€
500.35
₽
5.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.14
€
500.35
₽
5.24

Маңғыстауда балықтан уланып көз жұмған баланы дәрігерлер неге құтқара алмады

Бүгін, 17:08
Маңғыстауда балықтан уланып көз жұмған баланы дәрігерлер неге құтқара алмады
Pixabay.com

Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысында ботулизмнен тоғыз жасар баланың қайтыс болуына қатысты түсінік берді. Ведомствоның мәліметінше, бала ысталған балықтан уланғаннан кейін үш тәулік өткен соң ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірі үшін екі аптадан астам уақыт күрескенімен, баланы құтқарып қала алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

19 қыркүйекте 2016 жылы туған бала Мұнайлы аудандық орталық ауруханасына жатқызылды. Ол кезде баланың жағдайы аса ауыр болған.

Сол күні бала облыстық балалар ауруханасына ауыстырылып, бірден жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлер тағамдық ботулизмге күдік келтірді. Бұл — жүйке жүйесін зақымдап, тыныс алуды тоқтатуы мүмкін токсиннен болатын ауыр улану.

— Балаға ботулизмге қарсы сарысу енгізіліп, жасанды өкпе желдету аппаратына қосылды және қарқынды терапия басталды, — деп хабарлады ведомство.

Республикалық мамандар тартылды

Маңғыстауға Денсаулық сақтау министрлігінің бас инфекционисі, профессор және реаниматолог дәрігер арнайы келіп, баланың жағдайын өздері тексерді. Мамандар емдеу тәсілін қайта қарады.

Кейін дәрігерлер бірнеше рет консилиум өткізіп, республикалық мамандармен телемедициналық кеңес жүргізді. Алайда барлық емге қарамастан, баланың жағдайы жақсармаған. Оның миы ісініп, бірнеше ағзасының қызметі бұзылып, жағдайы терең комаға түскен.

6 қазанда дәрігерлер баланың қайтыс болғанын хабарлады. Қазір отбасының тағы үш мүшесі дәрігерлердің бақылауында.

Контекст

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында отбасылық дастарханнан кейін бірнеше адам тамақтан уланып қалған.

17 қыркүйекте отбасы тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған үй жағдайында ысталған балықты жеген. Бірнеше күннен кейін үш ересек адам мен тоғыз жасар Бекарыс Қанатпаев ауруханаға түсті.

Баланың туыстары Астанадан Ақтауға білікті мамандарды жіберуді немесе оны санитарлық авиациямен елордадағы клиникаға жеткізуді сұрап, әлеуметтік желіде бейнеүндеулер жариялаған.

Денсаулық сақтау министрлігі бұзылған, қаптамасы зақымданған немесе иісі өзгерген тағамдарды тұтынбауға шақырады. Уланудың алғашқы белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет.