×
$
455
€
498.77
₽
5.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
455
€
498.77
₽
5.56

Наркоздан кейін көз жұмды: Маңғыстау депутатының жесірі қайта сараптама талап етті

Бүгін, 14:45
Наркоздан кейін көз жұмды: Маңғыстау депутатының жесірі қайта сараптама талап етті
Ulysmedia.kz коллажы

Маңғыстау облысында депутат Ербол Айтуовтың жесірі күйеуінің өліміне қатысты істі қайта қарауды талап етіп отыр. Депутат Ақтаудағы жеке клиникаға мойнындағы артық майды алдыруға барған. Алайда әйелінің айтуынша, ота жасалып та үлгермеген. Наркоз салынғаннан кейін ер адамның жағдайы күрт нашарлаған. Қазір оның жұбайы қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

2026 жылғы 4 сәуірде Ербол Айтуов мойын тұсындағы артық майды алдыру үшін Ақтаудағы «Қасиет» жеке клиникасына барған.

Жұбайының айтуынша, сол күні таңертең ер адамның денсаулығы жақсы болған. Алайда наркоз салынғаннан кейін жағдайы күрт нашарлап кеткен.

Lada.kz басылымының жазуынша, анестезиолог бірнеше рет кеңірдекке тыныс алу түтігін енгізуге тырысқанымен, әрекеті сәтсіз аяқталған.

Ал марқұмның жұбайы жедел жәрдем тек төрт сағаттан кейін шақырылғанын айтады.

Облыстық ауруханада дәрігерлер депутаттың миына оттегі жетіспеуінен ауыр зақым келгенін анықтаған. Кейін ол комаға түскен.

Медициналық құжаттарға сәйкес, ер адамға мойындағы артық майды алу отасы мүлде жасалмаған.

Тергеуге қатысты сұрақтар бар

Марқұмның жұбайы Лаура Айтуова полицияға алғаш рет 7 сәуірде арызданғанын айтты. Алайда сол кезде қылмыстық іс қозғалмаған.

Тергеу тек 22 мамырда әйел қайта арыз жазғаннан кейін басталған.

Лаура Айтуованың сөзінше, тергеушілер клиникадағы бейнебақылау камераларының жазбаларын, жедел жәрдем қызметінің деректерін және медициналық құрылғылардың жұмысына қатысты мәліметтерді уақытында алмаған.

«Тергеушілер бейнебақылау камераларындағы барлық жазбаны алуы керек еді. Енді жазбалар жоқ, оларды қалпына келтіре алмаймыз деп отыр», – деді ол.

Әйелдің айтуынша, қажетті құжаттар жетіспегендіктен, алғашқы сараптама жүргізілмеген. Ал кейін жеке ұйымда жасалған сараптаманың қорытындысы өзін мазалаған сұрақтарға жауап бермеген.

Қазір қылмыстық іс тоқтатылған. Алайда Лаура Айтуова бұл шешіммен келіспейді.

Ол мемлекеттік сараптаманы қайта жүргізіп, оған тәуелсіз анестезиологты қатыстыруды талап етіп отыр.

Әйел наркоздың дұрыс салынғанын, тыныс алу түтігін енгізу кезінде неліктен қиындық туындағанын және күйеуіне медициналық көмектің уақытында көрсетілген-көрсетілмегенін анықтағысы келеді.

Еске салайық, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуовтың қайтыс болғаны 2026 жылғы мамырда белгілі болған еді.

Сізге қызық болуы мүмкін