Қазақстан мектептеріндегі кейбір оқулықтарда елорданың бұрынғы атауы әлі де кездеседі. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын және баспаларға қателерді түзетуге уақыт берілгенін айтты.
Мән-жай
Министрдің сөзінше, оқулықтардағы «Нұр-Сұлтан» атауын «Астана» деп өзгерту жұмыстарының нақты жоспары бар. Алайда бұл қателікке жол берген баспалар түзетулерді өз қаражаты есебінен енгізіп жатыр.
– Негізі мұның нақты белгіленген жоспары бар. Бірақ осындай қате жіберген баспалар өзінің қаражатымен кезең-кезеңімен өзгертіп жатыр. Бірінші тоқсанның аяғына дейін уақыт бергенбіз, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Контекст
Қазақстан астанасының атауы кейінгі жылдары екі рет өзгерді. 2019 жылғы 23 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілді. Бұл шешім Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне қабылданды.
Ал 2022 жылғы 17 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен елорданың атауы қайтадан Астана болып өзгертілді.
Соған қарамастан, 11-сыныпқа арналған Қазақстан тарихы оқулығында елорданың бұрынғы атауы сақталып қалған. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұны қате деп танып, оқулық келесі жылы қайта басылатынын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, оқулықтар 2024 жылы жаңартылғанымен, елорданың ескі атауы түзетілмеген. Осы оқу жылында тарих пәнінің мұғалімдеріне өзекті ақпарат қамтылған қосымша материалдар беріледі.
Сонымен қатар қателер тек тарих оқулықтарынан ғана анықталмаған. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектептегі 16 пән бойынша оқулықтар мен басқа да оқу материалдарынан шамамен 700 қате табылған.
Жұлдыз Сүлейменова бұл ақпараттың Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданғанын да айтты. Себебі бұрынғы оқулықтарды жаңартуға қаражат бөлінгенімен, кейбір қателер сол кезде түзетілмеген.