×
$
454.14
€
509.23
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
454.14
€
509.23
₽
5.41

Айбек Смадияров "Хабар" агенттігінің директорлар кеңесіне кірді

Бүгін, 14:58
Айбек Смадияров "Хабар" агенттігінің директорлар кеңесіне кірді
Ulysmedia коллажы

Қазақстан президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров "Хабар" агенттігінің директорлар кеңесінің мүшесі болды. Оның тағайындалғаны туралы ақпарат телекомпанияның ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Айбек Смадияров 2026 жылғы 2 қазанда «Хабар» агенттігі» АҚ директорлар кеңесінің құрамына кірді. Тиісті шешімді компанияның жалғыз акционері қабылдаған.

Сонымен қатар ол биыл 29 қаңтарда тағайындалған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы қызметін жалғастырып отыр.

Дипломатия мен Ақордадағы мансабы

Айбек Смадияров 1983 жылы дүниеге келген. 2004 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген.

Еңбек жолын Қазақстандағы Қытай банкінен бастаған. Кейін Сыртқы істер министрлігіне ауысты. Әр жылдары Қазақстанның Венгрия мен Вьетнамдағы елшіліктерінде қызмет етіп, президенттің баспасөз қызметінде жұмыс істеді.

2018 жылдан бастап Сыртқы істер министрлігінің ақпараттық бөлімшелерінде басшылық қызметтер атқарып, ведомствоның ресми өкілі болды.

Өткен жылдың желтоқсанында Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөліміне басшылық етті. Ал биыл қаңтарда Мемлекет басшысының кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы болып тағайындалды.

Директорлар кеңесінің құрамында тағы кімдер бар?

Айбек Смадияровтан бөлек, «Хабар» агенттігінің директорлар кеңесіне Қанат Ысқақов, Нұрмахан Әділбеков және Ләззат Танысбай кіреді.

Тағы үш орынды тәуелсіз директорлар — Ерлан Игисинов, Зинаида Загоскина және Ичио Исикава иеленеді.

Агенттіктің сайтында көрсетілген мәліметке сәйкес, Айбек Смадияровтың «Хабар» агенттігінің, оның үлестес компанияларының, жеткізушілері мен бәсекелестерінің акциялары жоқ.