Еуропалық хабар тарату одағы (EBU) Қазақстанның «Хабар» агенттігінің толыққанды мүшелікке қабылдану туралы өтінішін ресми түрде қабылдамады. Бұл елдің «Евровидение» ән байқауына қатысуына жол жабылғанын білдіреді. Бұл туралы Politico жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
EBU өз шешімін бюрократиялық талаптармен түсіндірді. Қазақстан географиялық тұрғыдан одақтың хабар тарату аймағынан тыс орналасқан. Сонымен қатар еліміз Еуропа кеңесінің мүшесі емес әрі онда бақылаушы мәртебесіне де ие емес.
Кейінгі жылдары ұйымның ережелері біршама икемді бола бастаған. Мәселен, Канада Еуропа кеңесіндегі мәртебесінің арқасында 2027 жылы байқауға алғаш рет қатысуға «жасыл жарық» алған. Алайда Қазақстан үшін әзірше бұл мүмкіндік жабық.
– Осы себепті "Хабар" агенттігі қазіргі уақытта толыққанды мүшелікке ие бола алмайды, – делінген жарияланымда.
Сонымен қатар одақ Қазақстанның «Хабар» агенттігімен байланысын үзуді жоспарлап отырған жоқ. Тараптарды көпжылдық ынтымақтастық тарихы байланыстырады. 2018-2022 жылдар аралығында Қазақстан «Балалар Евровидениесіне» тұрақты түрде қатысып, жоғары нәтижелер көрсеткен.
Анықтама
«Евровидение» (Eurovision Song Contest) – Еуропалық хабар тарату одағы 1956 жылдан бері жыл сайын өткізетін халықаралық ән байқауы.