Албания премьер-министрі Эди Рама үкіметке қарсы жаппай наразылықтардың өршуіне белгісіз «сыртқы күштерді» кінәлады. Елде мыңдаған адам бесінші күн қатарынан көшеге шығып, оның отставкаға кетуін талап етіп жатқанда, үкімет басшысы халықты сабырға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Эди Раманың айтуынша, елдегі тұрақсыздыққа Албанияның тыныштығын қаламайтын күштердің қатысы бар. Премьер-министр олардың оппозицияға да ықпал етіп отырғанын мәлімдеді. Алайда нақты кімдерді меңзеп отырғанын ашып айтпады.
Наразылық шерулері 13 қазанда ел астанасы Тиранада басталып, кейін басқа қалаларға тарады. Көшеге шыққандардың басым бөлігі – жастар мен студенттер. Олар елде өзгеріс болып, соның ішінде білім беру саласында реформалар жүргізілуін талап етіп отыр.
Кейбір студенттер наразылық ретінде сабаққа барудан бас тартқан.
Ал көшедегі жағдай барған сайын ушығып барады. Шерушілер жолдарды жауып, қоқыс жәшіктерін өртеп, дүкендердің терезелерін сындырып, полиция қызметкерлеріне тас лақтырған. Бұған жауап ретінде тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ бен су атқыштарды қолданған.
– Біз қылмыскер емеспіз. Бар болғаны өзіміз бен ата-анамыздың жақсы өмір сүргенін қалаймыз. Албаниядан кеткіміз келмейді, – деді 18 жастағы Ледия AFP агенттігіне.
Елдегі қазіргі толқуларға дейін де бірнеше ай бойы үкіметке қарсы шерулер өтіп келген.
Халықтың наразылығын тудырған мәселелердің бірі – Иванка Трамп пен оның күйеуі Джаред Кушнерге қатысы бар элиталы туристік кешен салу жобасы.
Құрылысқа қарсылық білдірушілер бұл жобаны елдегі сыбайлас жемқорлық болуы мүмкін екенінің және әлеуметтік теңсіздіктің күшейіп бара жатқанының көрінісі деп есептейді.
Еуропалық одақтың Албаниядағы өкілдігі де шерушілер мен полиция арасындағы қақтығыстарға алаңдап жатыр. Ұйым ел билігін наразылықтарға жауап бергенде шамадан тыс күш қолданбауға шақырды.
Ал Эди Рама биліктегі орнын сақтап отыр. Ол жетекшілік ететін Социалистік партия парламент сайлауында қатарынан төртінші рет жеңіске жеткен.
Албанияда келесі парламент сайлауы 2029 жылға жоспарланған. Ал ел үкіметі 2028 жылға қарай Еуропалық одаққа мүше болуды көздеп отыр.